Биыл Түркістанда 159 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Ақтоты Жапатова 14 мам. 2025 11:48 354

Биыл Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың қауіпсіз және жайлы қозғалысын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда қала аумағындағы Әл-Фараби және М.Тынышқұлов көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Яссы және Шауғар тұрғын алаптарындағы бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 433,49 шақырымға жетіп, бұл 51,3 пайыздық көрсеткішті құрап отыр.

2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2 жол нысанын қайта құру, 2 жаяу жүргіншілер көпірін салу, сондай-ақ 45 000 шаршы метр аумақта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда.

Аталған іс-шаралар толық көлемде жүзеге асқан жағдайда, қалаішілік жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 67 пайызға дейін артады деп күтілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар