Ұшақ дабыл белгісін қосып, үш минуттан кейін радардан жоғалып кетті

Ұшақ дабыл белгісін қосып, үш минуттан кейін радардан жоғалып кетті
US Air Force

Пәкістан жағалауына жақын Араб теңізінде K2 Airways әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 жүк ұшағы радардан жоғалып кеткеннен кейін іздеу-құтқару операциясы басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Пәкістанның авиация билігінің мәліметінше, ұшақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласынан Карачиге бағыт алған. Байланыс үзілер алдында экипаж диспетчерлерге навигациялық жүйеде ақау пайда болғанын хабарлаған. Арада бірнеше минут өткен соң Boeing биіктігін күрт жоғалта бастаған.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ұшақ бағытын өзгерткеннен кейін онымен байланыс Ормара қаласы маңында үзілген. Бұл аймақ Карачиден батысқа қарай шамамен 287 шақырым жерде орналасқан.

Қазір ұшақ жоғалуы мүмкін деген аумақта ауқымды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Операцияға құтқару қызметтері мен әскери кемелер тартылған. Әзірге ұшақтың апатқа ұшырағаны ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Flightradar24 дерегінше, сигнал жоғалар алдында ұшақ минутына шамамен 6,8 шақырым жылдамдықпен төмендеген. Бұл Boeing әуелде жолаушылар тасымалдайтын ұшақ ретінде пайдаланылған. 1999 жылдан бастап ол "Аэрофлот" әуе компаниясында, кейін Garuda Indonesia құрамында ұшқан. 2012 жылы жүк ұшағына қайта жабдықталып, 2024 жылы K2 Airways компаниясына берілген.