Жетісу облысы құрылғаннан бері туризмді, соның ішінде Алакөл көлінің жағалауын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес жағалаудағы санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атап айтқанда, Ақши, Көктұма ауылдарындағы көл жағалауларының тазалық жұмыстарымен тұрақты айналысатын арнайы «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылған, онда 50-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Тазалық жұмыстарына 20-дан астам техника жұмылдырылған.
Бұл ретте коммуналдық жағажайға 720 қоқыс контейнері қойылған. Сол сияқты 44 киім ауыстыратын кабина, 24 модульдік дәретхана, 45 биодәретхана орнатылған.

Қайықтар мен паромдарға қатысты айтсақ, өткен жылы Алакөлдегі шағын жүзу құралдарының қозғалысын реттеу мақсатында Жетісу облысында ортақ су пайдалану және су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілді. Аталған қағидаларда су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді, оларды сақтамағаны үшін жауапкершілік белгіленді.
Жалпы, Алакөл көлінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалау аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарға 14 құтқарушы, 11 моторлы қайық жұмылдырылған. Сонымен қатар биылғы шомылу маусымында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 50 полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік және 5 ұшқышсыз дрон тартылған.

Сонымен қатар жағалау бойында 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырымға буй сызықтары тартылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 39 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді және 7 пирс пайдалануға берілген.
Күнделікті суда да, жағажайда да қауіпсіздік мақсатында мамандар тарапынан тұрақты түрде рейд жүргізіледі.

Сондай-ақ жағалау аумағының жай-күйін бақылау, оның ішінде экологиялық мәдениеттің қарапайым талаптарының сақталуын қадағалау бейнебақылау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Орнатылған бейнекамералар жергілікті полицияның Жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Соның нәтижесінде қоқыс тастайтын, көлік құралдарын рұқсат етілмеген орындарға қоятын және өзге де құқық бұзушылықтарға жол беретін азаматтар бейнежазбалар арқылы анықталып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Демалушылар көл жағалауында жасалған жағдайларға оң бағасын берді.
- Емдік қасиеті бар, табиғаты тамаша Алакөл көлін жақсы көреміз. Отбасымызбен жыл сайын міндетті түрде бір маусымда екі рет келеміз. Биыл тазалыққа ерекше көңіл бөлінгені бірден байқалып тұр. Киім ауыстыратын орындар, жаңа дәретханалар орнатылып, камералар қойылған, жағажай таза. Жылдан жылға демалушыларға жасалған жағдайлар жақсарғаны бізді қуантады, - деді демалушылардың бірі.

- Биыл жағалаудағы өзгерістер бірден көзге түседі. Жағажай тап-таза, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Күннен қорғайтын қолшатырлар, дәретханалар, киім ауыстыратын және демалуға арналған кабиналар орнатылған. Ең бастысы – тазалықтың сақталғанын ерекше айтар едім. Әрбір санитарлық торапта барлық қажетті гигиеналық құралдар бар, қол жууға арналған сұйық сабынға дейін қойылған. Жалпы, демалуға жайлы әрі қолайлы жағдай жасалғанын көріп отырмыз, – деді демалысқа келген отбасы мүшелері.
Еске салсақ, Алакөл жағалауында соңғы үш жылда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында іргелі жобалар іске асырылған болатын. Атап айтқанда, көлге апаратын автожолдар жаңарып, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Жазғы маусымда көлге көлікпен жетуді қамтамасыз етуде темір жол бағыты, әуе рейстері тұрақты ұйымдастырылған. Оған қоса жағалауды жеткілікті электр қуатымен қамту мақсатында 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл электр қуаты тапшылығын жойып, қажетті электр энергиясының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде Алакөл жағалауында жобалық қуаты жағынан еліміздегі ірі жобалардың бірі - тәулігіне 6,5 мың текше метр су тазарта алатын кәріз тазарту қондырғысының 2-ші кезегінің құрылысы жүруде. Сонымен қатар, жағалауды бекіту жобасы да жалғасуда. Жағалау жиегінің шайылуын болдырмауға бағытталған жоба 14 шақырымға жуық жағалау аумағын қамтиды. Өткен жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстарын келесі жылдың жазында аяқтау жоспарланып отыр.