"Су жетпесе, ауыл мен ауыл кетпенмен шабысады". Сарапшы министр Нұржігітовке үн қатты

Cағыныш Сардарова 14 мам. 2025 10:43 339

Қазақстанның су ресурсы бойынша әлеуеті қандай? Батыста Ресейге, оңтүстік өңірлерде Өзбекстан мен Қырғызстанға тәуелдіміз бе, қауіп қайдан? Министрліктің жұмысы көңілге қонымды ма? 

Халықаралық сарапшы, осы салада 45 жылдық тәжірибесі бар белгілі маман Ерлан Бадашев Dalanews.kz-ке берген эксклюзив сұхбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

"Шетелдің су саясатына тәуелдіміз, Өзбекстаннан таза су келмейді"

Ерлан Бадашев дәл қазір Қазақстанда су саласы бойынша шешілмей тұрған ең түйткілді мәселені атады.

"Трансшекаралық өзендер арқылы көрші елдерден су алу маңызды мәселе болып отыр. Әсіресе, биыл Сырдарияның жағдайы қиын болып тұр. Шетелден келетін судың көлемі - шамамен 46-50 пайыз: Шу-Талас, Сырдария, Жайық дегендей. Ең маңыздысы бізге қажет сулар басқа елдерден, яғни Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келеді. Сол мәселе түйткілді.

Шетелдің су саясатына тәуелді болып тұрмыз. Бұрын Сырдарияның бойында барлығы бір ел еді, қазір әркім өзі жеке кетті. Мысалы бізде жылда шамамен 1,5 миллион гектар суармалы жер пайдаланылса, Өзбекстанда 4,2 миллион гектар пайдаланылады, бізден 3 есе көп. Сол себепті олар әзірше өзінің мұқтажын толық өтемей, бізге су жібермейді. Бұл - бір. Екіншіден, бізге олардың пайдаланған суы келеді. Яғни таза су келмейді, олар егістік алқаптарында пайдаланғаннан кейін суды бізге жібереді", - дейді сарапшы.

Қазақстанның су ресурстары көрші елдермен салыстырғанда өте шектеулі. Ал елдің суармалы жерінде тұратын тұрғындарының үлесі - 60 пайыз. Тиісінше олардың күн көрісі суға тікелей байланысты. 
 
"Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен ортамыздағы келісім бойынша Шардараға жылына 12-13 млрд су келуі керек. Бірақ, біріншіден, дәл сол көлемде су келмейді, екіншіден таза су келмейді.
Өзбекстан Сырдариядан су алады, сосын Әмудариядан су алады. Ал Әмудариядан Ауғанстан үлкен канал қазып, суды бұрып алып жатыр. Өзбекстан Әмудариядан жоғалтқан суын біздің Сырдария арқылы жабады. Олардың ирригация жүйесі өте мықты. Бізге қарағанда суды пайдалану мәдениеті де мықты. Қазақстанда суармалы жердің 60-70 пайызы Сырдарияның бойында орналасқан: Түркістан облысы және Қызылорда облысы", - дейді маман.
 
"Ресеймен арадағы жағдай: Жайық арқылы бізге келеді, Есіл-Тобыл арқылы біз береміз"
 
Ресеймен арада су мәселесі бойынша қарым-қатынас қандай? Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің жуырда айтқан мәлімдемесіне сүйенсек, кей жылдары Ресей Қазақстанға тиесілі судың тек жартысын жіберген. Мәселен 2019 жылы Жайықтан келетін су көлемі ең төмен деңгейде тіркелген.
"Салыстырмалы түрде Сырдарияға қарағанда Ресей жағымен жағдай жақсы. Былтыр тасқын кезінде су жақсы келді. Иреклі су қоймасы арқылы тастады. Ол экологиялық мәселені, біраз мәселені шешті. Су дипломатиясында тағы бір тетік бар, Жайық арқылы су бізге келсе, Есіл-Тобыл арқылы біз оларға береміз. Механизм бар. Жайық бойынша айтарлықтай мәселені көріп отырған жоқпын. Ал Қазақстан үшін су ешқашан көптік қылмайды. Былтыр да көп айтқанмын: су көп келгеніне Қазақстан қуануы керек, судың тапшылығынан сақтасын!" - дейді сарапшы.
 
"Суды шетелден сатып алып отырмыз ба?"
 
Жуырда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздің аудандарында су жетіспейтінін, әлі күнге дейін шетелден үлкен қаражатқа су сатып алып отырғанымызды айтты.

"Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында суды Ресейден алып отыр. ҚазСушар жылына 5 млрд теңге беріп, Ресейден су алады. Бірақ сол су келеді де, Жалпақталдан өтіп, әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңгізіп отырмыз. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы осыдан он жыл бұрын басталған, әлі аяқталған жоқ. Осы мәселені қашан шешесіздер? Біз қашанға дейін бюджеттің ақшасын құмға сіңгізіп отырамыз?" - деді депутат осы саланың жауапты басшысына.

Осы мәселе турасында сарапшы Ерлан Бадашевтің пікірін сұрауды жөн көрдік. 
"Шынымен, былайынша айтқанда, суды сатып алып отырмыз. Еділден сорғымен суды жоғары көтеріп, бізге жібереді. Бірақ жерге сіңген су шөп болып өседі, ол пайдалы. Қазақстан аумағына бір тамшы су түссе де пайдалы. Ол жерлерде халық тұрады, малмен, шабындықпен айналысады. Ешқандай ақша құмға сіңіп жатқан жоқ", - дейді ол.
Су заңсыз сатылып жатыр ма? 
 
Жуырда өткен Үкімет сағатында депутаттар су ресурстарының қырық пайызы заңсыз кетіп жатқанын мәлімдеді. Ал маманның пікірінше, расында да, су заңсыз сатылып жатса, бұған бірнеше себеп түрткі болуы мүмкін.
"Біздің судың есебі жоқ. Есеп жоқ жерде қара нарық та болады, су да сатылады. Бірінші себебі - сол. Судың есебі жүргізілуі керек. Екіншіден, таза су мамандары, мұраптар ешқашан суды сатқан емес. Қазір су саласын басқарып отырған кімдер? Бұрынғы милицияның бастығы, т.с.с. Солар суды сатуы  мүмкін", - дейді сарапшы.
Ерлан Бадашев "ирригация саласына қатысты бөлек заң қабылдануы керек" деген пікірін де білдірді. 
"Әділ түрде су бөлуіміз керек. Іште де, сыртта да аз су болса да бөліп ішу керек. Ауылдық жерлерде қазір қырғын болып жатыр. Көбі білмейді. Ауыл мен ауыл, ағайын мен ағайын кетпенмен шабысайын деп отыр. Өйткені қолында билігі бар адам каналды бұрып алады да, төменге су бермейді. Канал ортақ меншікте болуы керек. Оны кеше министрге де айттым. Әділ, тең су бөлу бойынша бөлек заң жазбай болмайды. Сол кезде олар қорқады. Тіпті Сырдария бойынша Түркістан мен Қызылорда арасында тұрақты түрде келіспеушілік бар", - деді сарапшы.
Су маманының бұл сөзі бекер емес. Бұған дейін Dalanews.kz те осы тақырыпты жазған еді. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Жамбыл облысында бизнесменнің қарапайым халыққа көрсетіп отырған қысастығын айтты. Ол Мәжіліс мінберінде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен жауап беруді талап етті.

"Бір фазенда үшін бастауын Қырғызстаннан алатын Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алу деген не сұмдық? Шу - трансшекаралық өзен. Сырдарияға барып қосылуы керек. Алайда етектегі елге жетпей, Созақ даласы сорға айналғалы бірнеше жыл болды. Тұрғындардың айтуынша, тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ. 12 мың ірі қарасы бар дейді. Дронмен түсірілген фото-видеоларына дейін қолыма ұстатты. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген", - дейді Мақсат Толықбай.

Депутат өзенді жағалай мекендеген 80 мың халық экологиялық апаттың алдында тұрғанын айтып, дабыл қақты. Алайда артынша министрлік бұл шағымға жауап қатып, "Мойынқұм ауданы әкімдігінің ақпаратына сәйкес өзен маңайында 68 шағын шаруа қожалығы және екі ірі ЖШС бар, оларда 5800 және 1700 бас ірі қара мал ұсталады. Өзен арнасын өз бетімен бұру деректері тіркелмеген", - деді.
 
"Баспасөз қызметі ғана жұмыс істейді". Сарапшының министрлікке көңілі тола ма?
 
Ерлан Бадашевтің министрліктің жұмысына берер бағасын да сұрауды жөн көрдік. Өйткені бұл салаға тікелей жауапты орган - Су ресурстары және ирригация министрлігі.
"Көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Бұл министрлікте жалғыз жұмыс істейтін - баспасөз қызметі. Бір ақпаратты қайта-қайта жариялайды. Сыпайы түрде айтсақ, ол ақпараттар дұрыс емес. Әсіресе, Каспий теңізі жарты метрге көтерілді дегені, Аралға су келді дегені. Жалған ақпараттар шығады. Сол ақпараттар бойынша 42 су қоймасын саламыз, 2,5 млрд су жинаймыз дейді. Қазақстан бойынша су қоймалары 99 пайызға салынып болған. Көп қаражат жұмсап, су қоймаларын салғанша каналдарды жөндеу қажет, бос кетіп жатқан суды далаға жібермеу керек. Менің түсінігім бойынша министрлік мемлекет тарапынан немесе шетелдік банктерден қаражат алып, соны жұмсағысы келеді. Су тапшылығы, суды үнемдеу саясатына көңіл бөлініп жатқан жоқ", - деді сарапшы.
Ол салада білікті маман жетіспеуі де көптеген мәселе туындауына себеп екенін айтады.
"Су тасқыны кезінде көп мәселе мамандардың жоқтығынан пайда болды. Қаржыны мамандар дайындауға жұмсайық, каналдарды қалпына келтірейік", - деді сарапшы.
"Суға тәуелділік атом бомбасынан да қауіпті"
 
Ерлан Бадашев суға тәуелділік геосаяси ахуал өршіп тұрған кезде өте қауіпті мәселе екенін жеткізді:
"Суға тәуелді болған уақытта ешқандай атом бомбасы да, ұшақ та, зымыран да керек емес. Суды жауып таста, бітті. Ана мемлекет саған бағынады".
Мұздықтардың еруі, шөлейттену, су тапшылығы: сөз аяғы
 
Әлем "суды үнемдейік, сусыз қаламыз" деп дабыл қаққалы көп болды. Кейінгі жылдары Президент те "судың да сұрауы бар" деген сөзді жиі айтатын болды. Жуырда өткен "Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия" халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия планетадағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі екенін мәлімдеді.
 
Президенттің айтуынша, мұнда жаһандық жылыну әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатыр. Аймақ тосын табиғат құбылыстарымен, соның ішінде мұздықтардың еруі, шөлейттену және су тапшылығы секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
"Өңірімізде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға болады. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз", – деді Мемлекет басшысы бұған дейін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар