Таразда полицейлердің заңсыз әрекетін әшкерелеген депутат соққыға жығылды

Қаракөз Амантай 14 мам. 2025 09:46 2815

2025 жылдың 13 мамыры күні сағат 18:00 шамасында Тараз қаласында Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты, заңгер Нұрлан Байғазиев ауыр соққыға жығылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Taraznews.kz мәліметінше, оқиға Тараздағы “Ғибрат” атты дәмханада орын алған. Депутат сол жерде клиенттерімен кездесу өткізіп жатқанда, белгісіз біреу оған тұтқиылдан шабуыл жасап, темір затқа ұқсас құралмен бірнеше рет ұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, Нұрлан Байғазиев бас сүйегіне зақым алып, миы шайқалған. Қазіргі уақытта ол ауруханада жатыр, дәрігерлер оны шұғыл отаға дайындауда.

Қаскөйлердің кім екені әзірге анықталмаған. Полиция мен медицина қызметкерлері бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұл шабуыл Байғазиевтің атышулы оқиғадан кейінгі екі апта ішінде орын алып отыр. 28 сәуірде ол кәмелетке толмаған 17 жастағы қызды тоқтатып, қызметтік көлігіне отырғызбақ болған ювеналды полиция қызметкерлерінің әрекетін видеоға түсіріп алған. Байғазиев олардың заңға қайшы әрекетін әшкерелеген. Бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Артынша қызметтік тексеріс нәтижесінде әлгі полицейлер қызметінен босатылған еді.

Бұл оқиға – жұрт алдында әділетсіздікпен күресіп жүрген азаматқа қарсы жасалған ескерту іспеттес.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар