Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хамза әл-Омари мырзамен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Хамза әл-Омари мырза "Royal Jordanian" әуе компаниясының 2026 жылдың маусымынан бастап аптасына екі рейс жиілігімен Қазақстанға тікелей рейстерді орындау жоспарлары барын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстан тарапы қолданыстағы келісімдер аясында әуе рейстерін ашуға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді", делінген Көлік министрлігі хабарламасында.
Сонымен қатар, тараптар елдер арасындағы теңіз кемелерінің экипаж мүшелерінің дипломдарын өзара тану туралы келісімге қол қою мерзімдері туралы келісті.
Бұған дейін, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың ақпан айында Иордания Хашимит Корольдігіне сапарының қорытындысы бойынша Иордания тарапы Қазақстанға ұшуды бастауға ниет білдірді.
Осыған орай, кездесу барысында тараптар әуе қозғалысы туралы келісімге қол қою мүмкіндігін қарастырып, елдер арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін талқылады.