Қазақстанның мұнай-газ саласында шамамен 65 мың адам жұмыс істейді, ал олардың орташа айлық жалақысы 1,2 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, көмірсутектерді барлау және өндіру саласы еліміздегі ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі болып саналады.
Сондай-ақ вице-министрдің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ саласына кадр даярлауға 18,7 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 10,1 млрд теңге бағытталса, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 45,5 млрд теңге қарастырылған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл қаражат саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және мұнай-газ өндіретін өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын қолдауға жұмсалған.