Тоқаев маңызды жарлыққа қол қойды

Тоқаев маңызды жарлыққа қол қойды
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осылайша Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға арналған жаңа құжат қабылданды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл - саланы кешенді жаңғыртуға жол ашатын ауқымды қадам. Құжат ұзақ мерзімді инвестиция тартуға, капиталды ел ішінде шоғырландыруға және ұлттық инфрақұрылымды нығайтуға құқықтық әрі экономикалық негіз қалыптастырады.

Жаңа бастама - 1 мамырда енгізілген цифрлық активтерді кешенді реттеу реформасының жалғасы. Құжат инвестиция тартуды, ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуды және цифрлық қаржы құралдарының қолданылу аясын кеңейтуді көздейді.

Жарлыққа сәйкес Ұлттық банк мемлекеттік органдармен және нарық қатысушыларымен бірлесіп, криптоиндустрияны дамытудың орта мерзімді жоспарын әзірлейді. Сонымен қатар, халықаралық есеп айырысу мен трансшекаралық аударымдарда стейблкоинді пайдалану тетіктері енгізіліп, цифрлық активтер саласында қызмет көрсететін провайдерлердің мүмкіндіктері кеңейтіледі. 

Құжатта экологиялық талаптарға да ерекше мән берілген. Цифрлық майнинг жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, елдің энергетикалық жүйесіне қосымша жүктеме түсірмеуге тиіс.