Қазақстандық қаржы сарапшысы Айбар Олжай кейінгі жылдары теңгенің мұнай бағасына тәуелділігі айтарлықтай әлсірегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлттық валютаның бағамына қазір мұнайдан бөлек ішкі экономикалық саясат, Ұлттық қордың операциялары, квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімі мен әлемдік қаржы нарығындағы үрдістер көбірек ықпал ете бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының сөзінше, кейінгі бес жылда теңге бағамының қалыптасуында бұрын байқалмаған өзгеріс орын алған. Атап айтқанда, осы кезеңдегі 60 айдың 14 айында әлемдік биржаларда мұнай фьючерстерінің бағасы төмендегеніне қарамастан, теңге керісінше нығайған.
"Біз қазір жаңа кезеңге аяқ бастық па, әлде бұл уақытша құбылыс па деген сұрақ туындайды. Бір нәрсе анық – теңге енді таза мұнай валютасы емес. Оның бағамы бірнеше фактордың ықпалымен қалыптасады. Сондықтан бұрынғыдай мұнайдың бір баррелі белгілі бір бағаға жетсе, теңге де белгілі бір дәлізде болады деп нақты айту қиын. Қазір ұлттық валютаның бағамын көпфакторлы талдау мен геосаяси жағдайларды ескере отырып қана шамалауға болады. Оның үстіне теңге соңғы жылдары республикалық бюджетте белгіленген бағамға да бұрынғыдай тәуелді болмай қалды", – деді Айбар Олжай.
Оның айтуынша, кейбір кезеңдерде мұнай бағасынан гөрі Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін қаражаттың теңгеге айырбасталуы, алтынмен жүргізілетін операциялар, квазимемлекеттік сектордың экспорттық валюталық түсімді сатуы, салық кезеңі және АҚШ долларының әлемдік индексі – DXY-дің әлсіреуі теңге бағамына әлдеқайда күшті әсер еткен.
Сарапшы ендігі міндет теңге бағамына ішкі факторлар ма, әлде сыртқы факторлар ма көбірек ықпал ететінін нақты анықтау екенін айтты. Оның пікірінше, егер ішкі факторлардың рөлі күшейсе, ұлттық валютаның бағамын тұрақты дәлізде ұстап тұру мүмкіндігі артады.
Айбар Олжай Ұлттық банктің деректеріне сүйене отырып, өткен айда теңге АҚШ долларына шаққанда 1,3 пайызға нығайып, 479,98 теңге деңгейінде қалыптасқанын атап өтті. Бұл кезеңде Brent маркалы мұнай бағасы керісінше айтарлықтай төмендеген.
"1 маусымда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі шамамен 95,05 доллар болса, 29 маусымда оның бағасы 73,21 долларға дейін төмендеді. Яғни мұнай 23 пайыз арзандағанымен, теңге 1,3 пайызға нығайды", – деді сарапшы.
Оның түсіндіруінше, маусым айында ұлттық валютаға ең алдымен мемлекеттік сектордың валюталық операциялары қолдау көрсеткен. Атап айтқанда, Ұлттық қордан биржада 200 млн доллар сатылған. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік компаниялар өздерінің валюталық түсімінен тағы 420 млн долларды нарыққа шығарған. Сонымен қатар Ұлттық банк айна операциялары аясында нарықтан 354 млрд теңге көлеміндегі өтімділікті алып отырған.
"Нәтижесінде мемлекет пен квазимемлекеттік сектор бір ай ішінде шамамен 620 млн долларды сатты. Оның 92 млн доллары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қажеттілігі үшін қайта сатып алынды. Яғни мемлекет ай сайын нарыққа шамамен 520–530 млн доллар көлемінде валюта ұсынып отыр. Осындай жағдайда DXY индексі әлсіреп, доллар әлемдік нарықтағы позициясын жоғалта бастаса, теңгенің мұнай бағасына қарамай-ақ нығаюына мүмкіндік пайда болады", – деді ол.
Сарапшы сондай-ақ шілде айына қатысты болжамын да бөлісті. Оның айтуынша, бұрын жаз мезгілінде демалыс кезеңінің басталуына байланысты халықтың долларға сұранысы артады деген пікір басым болған. Алайда соңғы статистика бұл болжамның толық дәлелденбейтінін көрсетіп отыр.
Айбар Олжайдың мәліметінше, доллар мен теңге арасындағы сауда белсенділігі маусымда емес, мамыр айында жоғары болған. Қазақстан қор биржасында (KASE) маусым айында USD/KZT операциялары бойынша орташа күндік сауда көлемі 369 млн долларды, ал айлық жалпы көлемі 8,1 млрд долларды құраған. Бұл мамырдағы 392 млн долларлық орташа күндік көрсеткіштен төмен.
Оның пікірінше, шілде айында биржадағы валюта саудасының көлемі күрт өседі деп айтуға негіз жоқ. Сонымен қатар Ұлттық банк шілде айында Ұлттық қордан 200–300 млн доллар көлемінде валюта сатуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, үшінші тоқсанда айна операциялары аясында шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату көзделген.
"Бұл шаралар теңге бағамын шілде айында да мұнай бағасының ықпалынан белгілі бір деңгейде қорғайды. Сонымен қатар, базалық мөлшерлеменің 17 пайыз деңгейінде сақталуы кэрри-трейдерлердің теңгелік облигацияларға қызығушылығын төмендетпейді. Ал ай соңында өтетін АҚШ Федералдық резерв жүйесінің отырысында базалық мөлшерлемені төмендету мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Өйткені Иран төңірегіндегі геосаяси жағдайдың қайта шиеленісуі АҚШ-та инфляциялық тәуекелдерге қатысты алаңдаушылықты күшейтті", – деді сарапшы.
Сөз соңында Айбар Олжай шілде айында теңгенің айтарлықтай әлсіреуін күтпейтінін жеткізді.
"Сондықтан шілде айында теңге әлсірейді деп мүлде күтпеймін. Қазіргі бағам ұлттық валюта үшін өте қолайлы деңгейде қалыптасып отыр. Дегенмен нарықтың 465 теңге деңгейіне қарай бейімделіп отырғаны да байқалады", – деп түйіндеді қаржы сарапшысы.