"Хуторлықтар" заңды айналып өтті ме? Танымал адвокат Шерзат ісіндегі шикіліктерді жайып салды

Көркем Алдабергенова 14 мам. 2025 11:22 1337

Танымал адвокат Джохар Өтебеков Шерзат ісіндегі шикіліктерді жайып салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өтебеков Шерзат мерт болған оқиға орнында 15 адам болғанын атап өтті. 

"Оның 13-і тергеуден өтті. 11-ін қамауға алды. Сот алдында тек тоғызы жауап беріп жатыр. Ал Шерзатты өлтірді деп тек бір адам күдікке ілінген! Қалғаны көршілердің ұйқысын бұзыпты-мыс. Оларды бұзақылық бабымен соттамақ. Біз көрген нәрсе топтасып адам өлтіру болмаса, не болғаны? Полиция мен прокуратура не үшін "хуторлықтарды" кінәсіз деп санайды? 

Судья процесті заң тұрғысынан жақсы жүргізіп отыр. Бірақ судья өз-өзінен полицейлер мен прокурорлар кінәсіз деп таныған адамдарды кісі өлтіргені үшін соттай алмайды", - дейді адвокат. 

Джохар Өтебеков бұзақылық бабымен сотталғандар бір жылдан кейін-ақ бостандыққа шартты мерзіммен шығып кететінін айтты. 

"Хуторлықтар" тағы заңды айналып өтті! Тергеу изоляторында туған күнін тойлап, сот залынан екі езуі құлағына жетіп шыққан солар емес пе?", - дейді Өтебеков. 

Адвокаттың сөзінше, прокурорлар пышақталған сәтті көрген бірде-бір куәгерді сотқа ұсынбаған. 

"Ол жерде ондаған адам болды ғой! Қалайша сол куәгерлерді ұсынбаған? Полиция неге ешкімді анықтамаған? Пышақтаған кездің де видеосын таппаған. Бұл резонанс қой! Енді полицейлер қарапайым істерді қалай тергейтінін елестете беріңіз. Прокуратура тергеу кезінде қайда қараған? Ұят қой!", - дейді адвокат. 

Сонымен қатар, Шерзат ісіндегі шикіліктің бірі - прокурор күдікті Абзал Шынасыл Шерзатты пышақтаған уақытта дұрыс көрсетпеген. 

"Прокурордың сөзінше, Шынасыл Шерзатқа 00:42-ед пышақтап,  Нұрқанатты 01:04-те пышақтаған. Естерің дұрыс па? Шерзат пышақталып, сосын 20 минут пышақ жарақатымен төбелескен бе? Ол дүкен жақтан қашып, құлап түскен. Ол жерде бандиттер оны одан ары төпелеген. Ол сәт видеоға түсіп қалған. Соның бәрі бірнеше минутқа созылған. Егер Нұрқанатты 01:04-те соққыға жықса, Шерзатты 01:02-де ұрған", - дейді Өтебеков. 

Адвокат тергеудің жұмысына күмән келтірген. 

"Тергеу неге "қуып" кеткен? Әр секундты видеолар бойынша санауға болатын еді ғой. Істі қалай болса солай тергеген. Оларға кім жол берген? Полиция мен прокурорлар санай алмай ма? Әлде қылмыскерлерге алиби дайындап жатыр ма? Ұят қой! Айыптау актін өзім-ақ жасап берейінші", - дейді адвокат. 

Бұған дейін Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде бірқатар куәгерлер жауап беріп үлгерді.

Екінші куәгер ретінде бұған дейін Дана Жақсыкелді сот алдында түсінік берген болатын. Ал үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушылардың ішінен тек Абзал мен Нұрқиясты танитынын, өзгелерін білмейтінін мәлімдеді.

Сотта тағы бір куәгер Арлан Қазыкеновтен жауап алынды. Оған қоса, 28 сәуірдегі оқиғаға байланысты бесінші куәгер Самат Абдықадыр да сотқа шақырылып, тараптардың сауалдарына жауап берді. Айта кетейік, Самат — сотталушы Дидар Қалиахметовтің туған бауыры.

Сот отырысына Дидардың тағы бір туысы — Дәулет Мұратов та қатысып, жауап берді.

Сонымен қатар, Қаржаубай есімді азаматқа сыра алу үшін ақша аударған куәгер Бекнұр Асқарбек те сотта түсінік берді. Шерзат қаза тапқан күні оқиға орнына келген полицей күдіктінің бұрынғы сыныптасы болып шықты.

Мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауабы да сотта жария етілді. Онда Нұрқанат оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген мәліметтер айтқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар