Әкімдік өтініші елеусіз қалды: Берденовке оқ атқан күдіктінің компаниясы тексерілмейтін болды

Қаракөз Амантай 14 мам. 2025 11:05 2475

Шымкент қаласы әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қызмет көрсететін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің қызметі мен қала әкімінің орынбасарына жасалған шабуыл арасында қандай да бір байланыстың бар-жоғын әлі де анықтай алмай отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Шымкент қаласының ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл серіктестіктің қызметін тексеруді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы аталған мекемелер Informburo.kz редакциясының ресми сұрауына берген жауаптарында хабарлаған.

Еске салайық, 21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылды. Қылмысқа күдікті ретінде “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС директоры Ернар Жиембай танылып, оқиғадан кейін ол қызметінен шеттетілді. Аталған серіктестік Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты мекеме саналады. Негізгі қызмет бағыты – көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, лифтілерді жаңарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау.

 

Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы оқиғадан кейін ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолдайтынын, онда компания нысандарын сапа, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестік, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуыбойынша тексеруді сұрайтынын хабарлаған. Алайда департамент бұл өтінішті қанағаттандырмаған.

“Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеріс жүргізуге негіз жоқ екенін хабарлады. Қазіргі уақытта тексеру жоспарлы түрде жыл қорытындысы бойынша ғана өткізіледі. Айта кетсек, өткен жылы 2023–2024 жылдар аралығын қамтитын аудит жүргізілген”, – делінген ішкі саясат басқармасының түсініктемесінде.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС-мен жөнделген көпқабатты тұрғын үйлер жұмысты қабылдау сатысында тексеріледі. Бұл қабылдауды тұрғындардың өздері – негізгі тапсырыс берушілер – жүзеге асырады. Жұмыстың сапасы авторлық және техникалық қадағалау тарапынан да бақыланады. Егер кемшіліктер анықталса, аталған тараптар жұмысты қабылдау актісіне қол қоймайды. Сонымен бірге әр нысанға кепілдік мерзіміқарастырылған, сол уақыт аралығында мердігер компания барлық ақауларды жоюға міндетті.

“Қазіргі уақытта әкімдікте “Тұрғын үй Шымкент” компаниясының қызметі мен Руслан Берденовке жасалған шабуыл арасында қандай да бір байланыстың бар немесе жоқ екені жайлы нақты мәлімет жоқ”, – деп хабарлады ішкі саясат басқармасы Informburo.kz агенттігіне.

Шымкент қаласының прокуратурасы да бұл серіктестікті тексеруді жоспарлап отырған жоқ.

“Тұрғын үй Шымкент” ЖШС тарапынан бөлінген бюджет қаражатының игерілу тиімділігі немесе жөнделген көпқабатты үйлерге қатысты қандай да бір тексеру жоспарланбаған”, – делінген олардың ресми жауабында.

Қаржылық мониторинг агенттігі де Берденовке шабуыл мен компания қызметі арасындағы байланысты тексеріп жатқан жоқ.

“Қазіргі уақытта агенттік “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС-не қатысты ешқандай тексеру жүргізіп жатқан жоқ және аталған компания қызметі мен қала әкімінің орынбасарына шабуыл арасындағы байланысты растайтын деректерге ие емес”, – делінген агенттік мәлімдемесінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар