Ерейментауда жел электр стансасын салуға арналған қаражат ұрланды. Тонаушы "Құрмет" орденінен айырылды

Кәмшат Тілеухан 14 мам. 2025 11:00 334

Ерейментау қаласында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салуға арналған ақшаның ұрлағаны белгілі болды. Шығын мөлшері 8,5 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық, атап айтқанда, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі және аса ірі мөлшерде жәбірленушілердің ақшалай қаражатын бірнеше рет ұрлады деп айыпталған екі адамға қатысты үкім шығарды.
 
Б. және М. басқа адамдармен бірлесіп, алдын ала сөз байласу арқылы әрекет ете отырып, 2020-2022 жылдар аралығында "Самұрық-Энергоның" Ereymentau Wind Power еншілес компаниясынан Ерейментауда жел электр стансасын салуға арналған қаражатқа қол салған. Мұны олар жалған келісім-шарттармен және аффилирленген компанияларға ақша аудару арқылы жасаған. Келтірілген шығын мөлшері 8,5 млрд теңгеден асады.
 
Сондай-ақ, 2021 жылдың қазан айында Б. "П" акционерлік қоғамымен трансформаторлық қосалқы станцияларды жеткізуге шарт жасасқан, алайда өз міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде "П" акционерлік қоғамына 157 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
 
Сот үкімімен Б. 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік наградасы – "Құрмет" орденінен айырылды. Ал М.-ға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. "Е" ЖШС-нің азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, 8,5 млрд және 3 млн теңгеден астам сот шығыстары өндіріп алынды. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар