Түркістанда эпостық жырларды жатқа айтудан байқау өтті

Жарбол Кентұлы 14 мам. 2025 10:37 273

Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты эпостық жырларды жатқа айтудан облыстық байқаудың алғашқы кезеңі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Шараға өңірдегі барлық аудан, қалалардан жиналған 20-дан астам дарынды оқушы қатысып, «Едіге» жырын жатқа айтты. Жалпы байқау ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталған.

Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Мұрат Жұманов, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет қайраткері Абылай Бөріханов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің «Ұлттық шығармашылық және жанрлар» маманы Аязбек Рүстемов болды. Қазылар алқасы байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне баға берді.

Нәтижесінде, отырарлық Бейбіт Жақсыбай бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі 1-орынды мақтааралдық Дәурен Романқұл, 2-орынды түркістандық Айару Сембай мен қазығұрттық Асқар Пернекүл иеленді. Сондай-ақ, 3-орынға түркістандық Алмаз Момиш, отырарлық Шапағат Дерісбек, сарыағаштық Әсет Исахбай табан тіреді. Ендігі кезекте қатысушылар, екінші кезең бойынша «Қобыланды батыр» эпостық жырын жатқа айтудан сайысқа түседі.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар