Астананың полиция департаменті боксшы Данияр Елеусіновтің ұсталуына қатысты жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Департамент Астанада мас жүргізуші бірнеше көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған көлікті Достық көшесінде тоқтатты. Көлік тізгінінде отырған 35 жастағы ер адамнан алкогольдік масаңдық белгілері анықталған.
Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер жоқ.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Полиция «Заң және тәртіп» қағидаты бәріне бірдей қолданылатынын атап өтті. Танымалдылығына, мамандығына, лауазымына немесе еңбегіне қарамастан, заңды бұзған әрі жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан әрбір адам заң аясында жауап береді.
Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізді деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатынбыз.