Сәтбаев университетінің профессоры NAWA бағдарламасы аясында Польшадағы UMCS университетінде ғылыми сапармен болды

Сәтбаев университетінің профессоры NAWA бағдарламасы аясында Польшадағы UMCS университетінде ғылыми сапармен болды

Халықаралық ғылыми ынтымақтастық ғылымның дамуына ғана емес, жас зерттеушілердің кәсіби қалыптасуына да жол ашатын маңызды мүмкіндік. Осындай игі бастамалардың бірі ретінде Сәтбаев университетінің профессоры Азат Сейтхан NAWA академиялық алмасу бағдарламасы аясында профессор Ewa Skwarekтің шақыруымен Польшаның Люблин қаласындағы Maria Curie-Skłodowska University (UMCS) университетінде ғылыми сапармен болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ғылыми сапар барысында профессор Азат Сейтхан UMCS университетінің профессорлық-оқытушылық құрамына, жас ғалымдары мен зерттеушілеріне Сәтбаев университетінде жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар, соңғы ғылыми жетістіктер және болашағы зор зерттеу бағыттары жөнінде арнайы дәрістер оқыды. Кездесулер ғылыми пікір алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және екі университет арасындағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі профессор Ewa Skwarekпен көп жылдан бері қалыптасқан ғылыми әріптестікті одан әрі нығайту болды. Қазіргі таңда қос ғалым радионуклидтермен ластанған суларды тазартуға арналған тиімді сорбциялық материалдарды әзірлеу бағытында бірлескен зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл ғылыми ынтымақтастық өз жемісін беріп, биыл беделді Separation and Purification Technology және International Journal of Molecular Sciences (IJMS) халықаралық ғылыми журналдарында бірлескен мақалалар жарияланды.

Халықаралық ғылыми байланыстардың тағы бір маңызды қыры жас зерттеушілерді қолдау. Профессор Ewa Skwarek Сәтбаев университетінің докторанты Лаура Сеймуханованың шетелдік ғылыми кеңесшісі ретінде жас ғалымның ғылыми әлеуетін дамытуға өз үлесін қосып келеді. Мұндай әріптестік білім алушылар мен жас зерттеушілерге әлемдік ғылыми ортада тәжірибе жинақтап, халықаралық деңгейдегі зерттеулерге қатысуға жол ашады.

Сапар аясында профессор Азат Сейтхан UMCS университетінің студенттік мәселелер және білім сапасы жөніндегі проректоры, профессор Dorota Kołodyńskaмен кездесті. Кездесу барысында екі университет арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен халықаралық ғылыми жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар UMCS Химия ғылымдары институтының директоры профессор Małgorzata Grabarczyk, директордың орынбасары профессор Katarzyna Szymczyk және Химия факультетінің деканы профессор Konrad Terpiłowskiмен өткен кездесулер де нәтижелі болды. Тараптар перспективалы ғылыми бағыттарды айқындап, бірлескен зерттеулерді кеңейту және институционалдық серіктестікті одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

Ғылыми сапар барысында профессорлар Beata Podkościelna және Andrzej Puszkaмен бірге полимерлер химиясы зертханаларының ғылыми инфрақұрылымы мен заманауи зерттеу жұмыстары таныстырылды. Кездесу барысында жаңа функционалдық материалдарды әзірлеу және оларды экологиялық технологияларда қолдану бағытындағы болашақ ғылыми жобалардың мүмкіндіктері қарастырылды.

Профессор Азат Сейтхан сапар барысында көрсетілген жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары, ашық ғылыми диалог пен тәжірибе алмасуға қосқан үлестері үшін профессорлар Małgorzata Wiśniewska, Łukasz Szajnecki, Przemysław Paczkowski, Weronika Sofińska және Monika Wawrzkiewiczке алғысын білдірді.

Бүгінде ғылым ұлттық шекарамен шектелмейді. Халықаралық серіктестік жаңа идеялардың дүниеге келуіне, бірлескен жаңалықтардың ашылуына және әлемдік деңгейдегі ғылыми жетістіктерге бастайды. Осындай ғылыми сапарлар Сәтбаев университетінің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттырып қана қоймай, жас ғалымдар мен білім алушыларға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату, халықаралық жобаларға қатысу және беделді ғылыми басылымдарда зерттеу нәтижелерін жариялау бүгінгі жас зерттеушілер үшін қолжетімді мақсат екенінің жарқын дәлелі.

Сапар қорытындысында профессор Азат Сейтхан профессор Ewa Skwarekке және Maria Curie-Skłodowska University ұжымына жылы қабылдауы, жоғары деңгейдегі ұйымдастыруы және нәтижелі ғылыми ынтымақтастығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Алдағы уақытта Сәтбаев университеті мен UMCS университеті арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру және перспективалы зерттеу бағыттары бойынша жаңа бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл әріптестік ғылымның дамуына ғана емес, жаңа буын жас ғалымдардың қалыптасуына да маңызды серпін беретіні сөзсіз.