Мәскеу облысында семсерлесуден халықаралық жарыстардың жүлдегері Андрей Соловьев қайтыс болды. Бұл туралы Baza Telegram арнасында хабарланды, деп жазады dalanews.kz.
Дереккөз мәліметінше, 19 жастағы спортшы Раменское ауданында газ тарату құдығына құлап кеткеннен кейін көз жұмған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Соловьев пен оның таныстары құдықтың қақпағын ашқан. Кейін семсерлесуші бәске бола ішіне секірген болуы мүмкін. Құдық ішінде метан газының жоғары концентрациясы тіркелген. Достары жас жігітті сыртқа алып шыққан кезде, ол тіршілік белгісін көрсетпеген.
Раменское қалалық округі әкімшілігінің хабарлауынша, оқиғаға қатысқандар алкогольдік масаң күйде болған.
Қазір Тергеу комитеті қайғылы жағдайдың мән-жайын тексеруді бастады.