Ақмола облысында су тасқынына жол берген Сергеев ауылдық округінің әкімі сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атбасар аудандық соты Сергеев ауылдық округінің әкімі Қ.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша (қызметіне салғырт қарау) қылмыстық істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, әкім өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, нұсқаулықтар мен тапсырмаларды орындамаған. Соның салдарынан бөгет жарылып, Самарка ауылында 19 үйді су басты. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жергілікті бюджет есебінен 8 миллион теңге көлемінде өтемақы төленіп, мемлекетке айтарлықтай зиян келтірілген.
Тергеу барысында белгілі болғандай, әкім Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның су өткізгіш гидротехникалық құрылысты транзиттік режимге көшіру туралы тапсырмаларын орындамаған. Бөгеттегі судың деңгейі көтеріліп, қысым күшейгеннен кейін ағындар пайда болып, елдімекенді су басқан.
Сот шешім шығарған кезде, айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын және оның қылмысты алғаш рет, абайсызда жасағанын жеңілдететін жағдай ретінде есепке алды. Үкімге сәйкес, әкім мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айырылып, пробациялық бақылаумен 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал материалдық шығынға байланысты азаматтық талап азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралатын болды.