Ақтауда 13 жастағы Исмаил Азановтың өліміне қатысты облыстық балалар ауруханасының хирургі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Дәрігер қайғылы оқиғадан кейін жарты жылға жуық уақыт өткенде ұсталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan мәліметінше, оқиға биыл қаңтарда басталған. Іші қатты ауырып, аппендицит болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілген Исмаил бірден жатқызылмаған. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеріс кезінде баланы ауруханаға қабылдаудан төрт рет негізсіз бас тартылғаны анықталды. Сондай-ақ оның жағдайы дұрыс бағаланбаған, қажетті дәрігерлік консилиум өткізілмеген және ауруханаға жатқызу кешіктірілген.
Исмаилға ота жасалған кезде оның жағдайы ауырлап кеткен еді. Операциядан кейін асқынулар пайда болып, бала санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін екі айға жуық күрескенімен, 13 сәуірде Исмаил көз жұмды.
Ұлынан айырылған Жұлдыз Азанова баласын неліктен аман алып қала алмағанын анықтауды талап етті. Ол прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет жүгініп, жеке пикетке шығуға дайын екенін де мәлімдеді. Тамызда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуге қол жеткізу үшін Ақтаудан Астанаға арнайы ұшып барған.
Ананың табандылығынан кейін бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыдан соң министр Instagram парақшасында тергеудің аяқталғанын, іс материалдарының сотқа жолданғанын және Исмаилдың өліміне қатысты жағдайды «тұрақты жеке бақылауында» ұстап отырғанын жазды.
Алайда 1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, комиссиялық сот-медициналық сараптама медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастыру, емдеу тактикасы және диагностика бойынша бірқатар кемшілікке жол берілгенін анықтаған. Бұл олқылықтар баланың жағдайының асқынып кетуіне әсер етуі мүмкін.
Бұл істегі бір жайт назар аудартады. 9 тамызда министр тергеудің аяқталғанын мәлімдеген еді. Ал қазір полиция тергеу әлі жалғасып жатқанын хабарлап отыр. Демек, өткен екі айда істің мән-жайы өзгерген немесе министр айтқан «жеке бақылаудың» қаншалықты пәрменді болғаны күмән тудырады.