Айдар Жарылғанов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Айдар Төлетайұлы Жарылғанов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Айдар Жарылғанов кім?
Айдар Жарылғанов 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген.
1999 жылы «Семей» мемлекеттік университетін, ал 2001 жылы «Әділет» жоғары құқық мектебін тәмамдаған.
2001–2007 жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінде және Қаржы министрлігінің Салық комитетінде еңбек етті.
2007 жылдан 2019 жылдың сәуіріне дейін Президент Әкімшілігінде түрлі қызмет атқарды. Атап айтқанда, Мемлекеттік құқық бөлімінде сарапшы, консультант, инспектор және сектор меңгерушісі болды.
2019 жылғы сәуірден 2023 жылғы қаңтарға дейін Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылғы 6 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.
Айдар Жарылғанов 2020 жылы «Құрмет» орденімен, 2013 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
2026 жылғы 2 қазанда ол аталған қызметтен босатылды.