Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевке Таразда жасалған шабуылға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы КазТаг агенттігіне Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігіне (Бұзақылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиғаға қатысы бар тұлға анықталып, полицияға жеткізілді. Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетілді, алайда ол ауруханаға жатудан бас тартты. Қазіргі уақытта бұл қылмыстық іс аясында оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр”, – делінген полицияның ресми жауабында.
Айта кетейік, 2025 жылдың 13 мамыры күні сағат 18:00 шамасында Тараз қаласында Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты, заңгер Нұрлан Байғазиевтың ауыр соққыға жығылғаны туралы жазған едік.
Taraznews.kz мәліметінше, оқиға Тараздағы “Ғибрат” атты дәмханада орын алған. Депутат сол жерде клиенттерімен кездесу өткізіп жатқанда, белгісіз біреу оған тұтқиылдан шабуыл жасап, темір затқа ұқсас құралмен бірнеше рет ұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, Нұрлан Байғазиев бас сүйегіне зақым алып, миы шайқалған. Қазіргі уақытта ол ауруханада жатыр, дәрігерлер оны шұғыл отаға дайындауда.
Еске салайық, бұл шабуыл Байғазиевтің атышулы оқиғадан кейінгі екі апта ішінде орын алып отыр. 28 сәуірде ол кәмелетке толмаған 17 жастағы қызды тоқтатып, қызметтік көлігіне отырғызбақ болған ювеналды полиция қызметкерлерінің әрекетін видеоға түсіріп алған. Байғазиев олардың заңға қайшы әрекетін әшкерелеген. Бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Артынша қызметтік тексеріс нәтижесінде әлгі полицейлер қызметінен босатылған еді.