Халықты жұмыспен қамту бағытында мемлекет тарапынан қыруар шаруа атқарылып жатыр

Асхат Қойшығараұлы 28 нау. 2024 13:58 3076

Бүгінде еңбек нарығына 2000-жылдардан кейін туған жастар келіп жатыр. Жыл сайын 300 мың жас еңбек нарығына еніп, жұмысқа орналасуды қажет етеді. Сондықтан да мемлекет жұмыспен қамтудың икемді түрлерін кеңейтіп, сапалы жұмыс орындарын құруға күш салып жатыр. Әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуы үшін нақты шаралар қабылдануда.

«Сапалы жұмыс» термині ЭЫДҰ елдерінде қазірдің өзінде бар. Бұл дегеніміз, жалақы деңгейі аймақтық орташа жалақыдан төмен болмауы тиіс, бір жұмыста еңбек ету мерзімі кемінде алты ай болуы керек, содан соң жұмыс орнының қауіпсіздігі аса маңызды. Яғни, жұмысшыны әлеуметтік бағдарламаларға тартуды көздейді. Осы тәсілді жүзеге асыру үшін біздің еліміз өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек нарығын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын дайындады.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда еңбекке жарамды азаматтардың саны көбейгенімен, жұмыс күші жетіспейді. Мәселен, қазіргі уақытта электронды еңбек биржасында бос жұмыс орындарының саны 56 мыңға жеткен. Кез келген адамның біліктілігі мен дағдысы, тәжірибесі болса, ол қиындықсыз «екі қолға бір күрек» табады.

Ал Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 1 миллионға тарта тұрғын жұмысқа орналасқан. Бұл санға, сондай-ақ мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарында еңбек ететіндер де, еш жерде тіркелмеген, бірақ салық шегерімдерін жасайтын тәуелсіз (платформалық) жұмысшылар да кіреді.

Айта кетерлігі, жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық санының мөлшерін Ұлттық статистика бюросы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әдістемесіне сәйкес 15 жастан асқан үй шаруашылықтары мүшелерін ай сайынғы іріктеу зерттеуінің негізінде анықтайды. ХЕҰ критерийлеріне сәйкес жұмыссыздар қатарына қарастырылып отырған кезеңде бір мезгілде үш негізгі критерийге сай келетін адамдар жатады: олар – жұмыссыз (пайда әкелетін кәсібі жоқ), белсенді жұмыс іздеп жүрген және белгілі бір мерзімде жұмысқа кірісуге дайын азаматтар. Сондықтан әдістеме бүкіл әлемде бірдей қолданылады.

«Мемлекет өз міндеттемелерін орындап жатыр. Айталық, 2024 жылы бюджет шығыстарының 41 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады: тек зейнетақыға 4 триллион теңге, білім мен ғылымға 1,7 триллион, денсаулық сақтау саласына 2,4 триллион теңге қаралды. Жәрдемақылардың қоғам мүшелері арасында әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы қабылданды. Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы қабылданған заңды да ұмытпаған жөн. Бұл - елдегі демократиялық реформалардағы маңызды қадам. Былтырғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Білімді дамыту қорына 120 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Бұл ақша мектеп салуға жұмсалды. Ал қайтарылған қаражат алдағы уақытта әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсалады», - дегені бар вице-премьердің бір сөзінде.

Тұрғындардың әлеуметтік лифттерге, мемлекеттік қызметтерге және инфрақұрылымға қолжетімділігі болуы керек. Бұл орайда, мемлекет тарапынан қыруар шаруа атқарылып жатыр. Жай ғана салыстыру арқылы көп дерекке көз жеткізуге ​​болады.

Осыдан 15 жылдай бұрын аймақтарда жүрекке күрделі оталарды жасауды ойлайтын ба едік? 2018 жылы небәрі 38 мың білім гранты бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 72 мыңға жетті, яғни 40 пайыздан астам түлек жоғары оқу орындарына түсіп, тегін оқи алды. Қазақстанда шетелдік үздік университеттердің филиалдары ашылуда. Бұл оқу орындарының дипломдары Еуропада да мойындалатын болады. 2018 жылға дейін ең төменгі жалақы 28,5 мың теңге болса, осы жылдан бастап 85 мың болды.

Сонымен қатар, Үкімет «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын бекітті. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап 38 мың әлеуметтік қызметкердің жалақысы 25 пайызға, медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға, ал 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарының жалақысы 30 пайызға көтерілді. 2024-2025 жылдары бюджеттік сала қызметкерлерінің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға кезең-кезеңімен арттыру жалғасады. Нәтижесінде 2026 жылға қарай олардың жалақысы екі есеге өседі.

Тамара Дүйсенованың сөзінше, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және жұмысшылар бірлестіктері арасындағы үшжақты келісімдер аясында жеке сектордағы еңбекақыны арттыру жұмыстары жүргізілуде. Осы келісімдер аясында былтыр 8 мың жұмыс беруші 2,8 миллионнан астам жұмысшының жалақысын 5-50 пайызға арттырды. «Егер кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі болса, онда ол жалақыны көтеруі керек. Ал оның барлық табысы жалақы қорына түсіп, шикізат алуға ақша қалмаса, кәсіпорын жай ғана банкротқа ұшырайды. Яғни, мемлекет жеке сектордағы жалақыны белгілей алмайды. Бұл еңбек және ұжымдық шарттар аясында шешілуі керек», - дейді ол.

Жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болса, олар аз қамтылған отбасылар деп танылады. Біздің елімізде мұндай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беріледі. Бүгінде оны 107,8 мың отбасы (оның ішінде 565,7 мың адам) алады.

Оның үстіне, тек 25 пайызы немесе 27,9 мыңы еңбекке қабілетті адамдар, жалғыз тұратын мүгедектер, зейнеткерлер мен мүгедектері бар отбасылар. Бұл отбасыларға шартсыз ақшалай түрінде көмек көрсетіледі. АӘК алатын отбасылардың 75 пайызында бір немесе бірнеше еңбекке қабілетті жан бар. АӘК берудің негізгі шарттарының бірі - отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы тиіс.

Жауапты шенеуніктің сөзінше, жаңа технологиялардың дамуы жаңа мамандықтардың ашылуына және жұмыстың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді. Қазір техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіби кадрларды даярлау алдыңғы қатарға шығып отыр.

Осыған байланысты колледждер экономика үшін жұмысшыларды дайындаудың негізгі элементі және стартаптарды, бизнес-идеяларды жүзеге асыру алаңына, әлеуметтік лифтке айналуы тиіс. Яғни, колледждер құзіреттілік орталығы қызметін де қоса атқарады. «Жоғары оқу орындарын бітірген жастар еңбек нарығына үнемі назар аудара бермейді. Бүгінде түлектердің барлығы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды, тіпті жұмыссыздар қатарына да қосылмауы мүмкін. Сондықтан университеттерді инновация және жоғары білікті кадрлар даярлау орталықтарына бағыттау міндеті тұр. Білім беру тізбегінің барлық кезеңдері объективті бағалауды талап етеді. Сондықтан білім сапасын бағалаудың өзіндік ұлттық жүйесін құру маңызды. Бұл еліміздің білім беру саласын одан әрі дамытуға бағыт-бағдар береді», - деп түсіндіреді Тамара Дүйсенова.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар