Волонтерлердің денсаулығын сақтандыру мәселесі қашан шешіледі?

Dalanews 26 қыр. 2022 17:25 1048

Қазақстанда волонтерлік қызмет соңғы жылдары қарқынды дамуда. Еріктілердің қоғам өміріне белсене араласуының арқасында көптеген мәселелер оң шешімін тауып келеді. Жалпы, Қазақстанда волонтерлік қызметтің дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы және әлемді құрсауында ұстаған пандемия әсер еткені анық. Пандемия кезінде көптеген шаруалар еріктілердің тікелей араласуымен шешілгенін бәріміз білеміз.

 

Еріктілерсіз іс бітпейтін болды

Арыстағы жарылыс, өткен жылғы құрғақшылық, күні кешегі Қостанай облысында орын алған өрт кезінде де еріктілер түрлі гуманитарлық көмекті ұйымдастырып, қарапайым халықтың тығырықтан шығуына барынша септесті.

Жалпы, қиындықты бірлесіп еңсеру қазақ халқының салтында бар дүние. Ата-бабаларымыз оны «асар» деп атаған. Бір адам қандай да бір қиын жағдайға тап болса көпшілік асарлатып, әлгі адамның мәселесін шешіп беріп, ешкімді қиындықпен бетпе-бет қалдырмаған. Асарлатып іс бітіруді ауылды жерлерде әлі күнге дейін қолданады. Сондықтан қазақ қоғамы үшін волонтерлік қызмет жат емес.

Заман көші алға озған сайын дәстүрімізге сіңген кейбір істер ұмытылып, кейде басқаша сипат алатыны анық. Сол сияқты қазақы дәстүрдегі асарлатып ісі бітіру заман талабына сай дамып келеді.

2021 жылы еліміздің «Волонтерлік қызмет туралы» Заңына бірқатар өзгерістер еніп, елімізде волонтерлік қызметтің жандануына ықпал етті. Қазіргі таңда еліміздегі еріктілердің жұмысын Волонтерлердің республикалық фронт-офисі реттеп отыр. Еліміздің 17 аймағында осы фронт-офистің бөлімшелері еріктілердің жұмысын үйлестіруде.



Бүгінде Волонтерлердің республикалық фронт-офисіне еліміз бойынша 47 мың ерікті тіркелген. Сонымен қатар волонтерлік қызметпен айналысатын 3,2 мың қоғамдық ұйым бар. Күні бүгінге дейін олар қоғамды ізгілікке бастайтын мыңнан астам жобаны жүзеге асырып, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.

 

Еріктілердің өмірін сақтандыру маңызды

Республикалық волонтерлер фронт-офис жобасының жетекшісі, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк соңғы жылдары елімізде ғаламтор мен әлеуметтік желілер кең таралғаннан кейін кейбіреулер еріктілердің атын жамылып, алаяқтыққа барғаннан кейін мәселенің оң-терісін ашып беру үшін «Волонтерлік қызмет туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, еліміз бойынша еріктілердің жұмысы жүйеленгенін алға тартты.



 

– Елімізде қандай да бір төтенше жағдайлар орын алған кезде әлгі жерде сала мамандарымен бірге еріктілердің қатар жүретіні белгілі. Осылайша, жан-жақтан жиналған еріктілер төтенше жағдайдың салдарын жоюға өз үлестерін қосып келеді. Айталық, орманды жерлерді өрт болғанда немесе адамдар ұшты-күйлі жоғалғанда халық еріктілердің қызметіне жүгінеді. Мұндай сәттерде еріктілер де аянып қалған емес. Олар бар жұмысын жиып қойып, қайырымдылық іспен айналысатынын білесіздер. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жағдайлар да болуы мүмкін. Осы жайттарды назарға алсаңыз, еріктілердің өмірін сақтандырудың маңызы зор екенін түсінесіз. Біздер осы мәселемен айналысқанда бұл іс бір ғана «Волонтерлік қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізумен шешілмейтініне көзіміз жетті. Аталған мәселенің түйінін тарқату үшін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек екен, – дейді еліміз бойынша еріктілердің жетекшісі Татьяна Миронюк.

Біреулер үшін волонтерлік қызмет еріккеннің ермегі сияқты көрінуі мүмкін. Шындығында, олай емес. Қандай да бір іске бел буып кірісіп кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндайда еріктілердің өмірін сақтандырудың маңызы зор. «Волонтерлік қызмет туралы» заңда еріктілердің ісін сақтандыру қарастырылмаған.

Біздің қоғам еріктілердің жұмысын еңбек деп қабылдауды үйренуі керек. Сол кезде қоғамда еріктілерге деген құрмет арта түсетіні анық. Татьяна Миронюк ханым айтқандай, еріктілердің өмірін сақтандыру мәселесін бір жақты реттеу үшін бір заңмен бір заңның арасына байланыс орнату керек.

Еңбек барысындағы адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты мәселе «Еңбек кодексінде» ғана қарастырылған. Ол жерде де жұмыс беруші азамат жұмыс барысында жапа шексе, материалдық жауапкершілік жүктелетіні айтылған.

Сондықтан Республикалық волонтерлер фронт-офисі белсенділері еріктілердің волонтерлік қызмет денсаулығына қауіп төнгенде оның есесін қайтаруға әлеуметтік кепілдік берілуі керек екенін айтуда. Біз де өз тарапымыздан бұл мәселені қолдаймыз. Егер біздер волонтерлік қызметке қатысты қандай да бір әлеуметтік міндеттемелерді заңға енгізсек, елімізде еріктілердің жұмысы жандана түсетіні сөзсіз.

 

Белсенді чаттар ауылдың түлеуіне түрткі болды

Волонтерлік қызмет көпшілікті ортақ мақсатқа ұйыстыратынмен ерекшеленеді. Сондықтан ауыл-ауданда волонтерлік қызметті дамытып жүрген азаматтарға қандай да бір жеңілдіктерді ұсынатын кез келгені анық. Әдетте волонтерлік іспен жастар айналысатыны белгілі. Қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысып, танылған жастарға оқуға түскенде және жұмысқа тұрғанда жеңілдік пен артықшылықтарды беру керек.

Соңғы уақыттары әлеуметтік желі де волонтерлік қызметтің жандануына серпін бергенін мойындауымыз керек. Қазіргі таңда әр ауылдың азаматтары ватсап желісіндегі топтарға біріккен. Осы чаттарға жиналған ауылда, туған жерінен тысқары жүрген азаматтар ауыл деңгейіндегі қайырымдылық істерге белсене қатысып, ауылдарын көркейтуге атсалысуда.



Бүгінде біздер ватсаптағы чаттар ауылды жерлерде волонтерлік қызметтің кең қанат жаюына ықпал етіп отырғанына аса мән бермейміз. Қазір қай ауылға барсаңыз, ауылдан шыққан жомарт жандар чатта көтерілген мәселелерге құлақ асып, өздерінің туған ауылдарында спорт алаңдарын, кіре берістегі ауылдың белгілерін тұрғызғаны жайындағы әңгімелерді жиі еститін болдық. Осылайша, әлеуметтік желі ауылдас адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, ауылдардың көркеюіне ықпал етіп отыр.

Осындай жайттарды назарға алатын болсақ, елімізде дамып жатқан волонтерлік қызмет жаңа кезеңге аяқ басып, елдің ауыз бірлігін нығайтып, қоғамдық маңызы зор ортақ істерге жұмылдырып отырғанын байқауға болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар