Вашингтоннан соққан салқын жел: АҚШ-тың баж салығы қазақ дипломатиясын қалай ширатуы мүмкін?

Қаракөз Амантай 09 шіл. 2025 15:09

Күні кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, 1 тамыздан бастап 25 пайыздық баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов аталған шешімді Қазақстан үшін маңызды геосаяси сигнал ретінде бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бұл сәуірде жарияланған алғашқы 27 пайыздық баж салығымен салыстырғанда төмен болғанымен, өте елеулі көрсеткіш. Қазақстан Сауда министрлігінің алдын ала талдау нәтижесі бойынша, Қазақстан экспортының 95,2 пайызы — негізінен мұнай, уран, қымыз және ферроқорытпалар жаңа баждардан босатылғаны мәлім болды. Ал қосымша баж тек 4,8 пайыз экспортқа, яғни шамамен 95 миллион долларға ғана әсер етеді”, — дейді ол.

Майгельдиновтің айтуынша, жаңа баж салығын енгізудің астарында екіжақты мақсат жатыр.

“Бұл екі фактордың қосындысы деуге болады. Бір жағынан, ішкі саяси тұрғыдан алсақ, Трамп өзінің America First саясатын жүзеге асырып, америкалық сайлаушылар алдында отандық өнеркәсіпті қорғап жатқанын көрсетуге тырысып жатыр. Ал екінші жағынан, бұл — сыртқы саяси деңгейде Қазақстанға нақты экономикалық қысым деп қарауға келмейді. Өйткені негізгі экспорт тауарлары — энергия ресурстары, яғни көбінесе стратегиялық маңызы бар материалдар — бұл тізімнен босатылған. Сондықтан кері әсері болса да, шектелуі мүмкін”, — дейді ол.

Саясаттанушы бұл жағдайдың оң және теріс жақтарына да тоқталды.

“Оң аспектілеріне келсек, Қазақстанның негізгі стратегиялық маңызы бар тауарлары, әсіресе мұнайдың, АҚШ үшін маңызды екенін көрсетеді. Яғни, бұл тауарларға баж салынбауы — соның дәлелі. Екінші жағынан, АҚШ пен посткеңестік елдер арасындағы сауда қатынастарын салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, былтыр екі жақты сауда көлемі ең жоғары көрсеткіштерге жеткен еді.

Алайда теріс ықпалдар да жоқ емес. Бұл, бір жағынан, дипломатиялық қарым-қатынастарға әсер етпек. Содан соң инвестициялық климатқа да ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар алдағы уақытта қандай да бір көпжақты ынтымақтастыққа да кедергі келтіру ықтималдығы бар”, — деп атап өтті ол.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан мұндай жағдайда жауап ретінде дипломатиялық арналар арқылы әрекет етуі керек. Ол “АҚШ-пен келіссөздер басталып, мәселе Дүниежүзілік сауда ұйымы немесе “С5+1” форматындағы аймақтық серіктестік алаңында талқылануы мүмкін” екенін айтты.

“Менің ойымша, экономикалық жауап шаралары жанама сипатта болады. Өйткені біріншіден, біз экспорттық нарықтарды әртараптандыруға көшуіміз керек. Бұл — Еуропа мен Азия елдеріне бағытталуы мүмкін. Сонымен қатар еліміздің тауарларына инвестициялық ынталандырулар енгізуге де болады. Басқа шетелдік серіктестермен стратегиялық бағыттардағы қарым-қатынасты күшейту де — бір жол”, — деп қосты ол.

Оның айтуынша, бұл жағдай Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты үшін нағыз сынақ болмақ.

“Көпвекторлы саясатқа әсері тұрғысынан қарасақ, қазір біз барлық мемлекетпен теңгерімді саясат ұстанып отырмыз. Дегенмен бұл жағдай Қытаймен серіктестікті тереңдетуге итермелеуі мүмкін.

Енді белгілі бір мүмкіндіктерге келетін болсақ, біздің бағытымыз нақты түрде Қытайдан бөлек, Еуропа нарықтарына немесе Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия елдерімен байланыстарды кеңейтуге бағытталуы мүмкін ”, — дейді саясаттанушы.

Сөз соңында сарапшы Трамптың бұл қадамы сайлау алдындағы тактикалық маневр болуы да мүмкін екенін жоққа шығармады.

“Жалпы айтқанда, Трамптың бұл баж салығы Қазақстанға тікелей экономикалық соққы болмаса да, стратегиялық тұрғыдан маңызы зор. Өйткені бұл — еліміздің көпвекторлы саясатының сыналатын кезеңі.

Енді бір-екі астана бұл жағдайда не істейді — бұл да маңызды. Сондықтан еліміз мұндай жағдайда экономикалық серіктестіктерді әртараптандырып, аймақтағы өзінің рөлін нығайту мүмкіндіктерін қарастыруы керек.

Сондықтан бұл геосаяси сигналдың нақты мәні алдағы уақытта белгілі болады. Мүмкін бұл — Трамптың сайлау алдындағы ұпай жинау үшін жасаған уақытша қадамы ғана шығар”, — деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден келетін тауарларға баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Сауда және интеграция министрлігі аталған өзгеріске байланысты пікір білдірді.

Министрлік мәліметінше, 7 шілдеде АҚШ президентінен 1 тамыздан бастап жаңа импорттық баж енгізілетіні туралы ресми хабарлама түскен.

"Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдер үшін жеткізілетін тауардың барлық көлеміне 25 пайыз бірыңғай мөлшерлеме белгіленген. Алайда қазақстандық экспорттың басым бөлігі - мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар. Олар баж салығынсыз жеткізілуін жалғастыра береді. Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар қазақстандық тауарларға сауда режимін сақтау мақсатында ҚР Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдаған.

"Қазақстанның мақсаты - нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазір Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізетін күнді хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын", - деп жазылған хабарламада.

Анықтама: Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд. АҚШ доллары болған, бұл оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары (4,1 млрд. АҚШ). Қазақстаннан АҚШ-қа экспорттың негізі мынадай: шикі мұнай - 1,1 млрд. АҚШ доллары (үлесі 56,2%), уран - 322,9 млн. АҚШ доллары (16,4%), күміс - 239,9 млн. АҚШ доллары (12,2%), ферроқорытпалар - 188,2 млн. АҚШ доллары (9,5%), тантал және одан жасалған бұйымдар - 17,6 млн. АҚШ доллары (0,89%) және басқалары. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2025 жылғы қаңтар-мамырда 1 265,8 млн. АҚШ долларына жеткен. 2025 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 418,2 млн. АҚШ доллары болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар