Үзеңгілес дос

Dalanews 25 там. 2022 07:38 1731

Ей, тәкаппар дүние,


Маған да бір қарашы.


Танимысың сен мені,


       Мен қазақтың баласы.   


Мұқағали Мақатаев 


 

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінде қандай да бір жетістікке жету үшін әлбетте білім керек екені белгілі.

Осы ретте, бүгінгі әңгіме ауаны бар өмірін білім жинауға сарп еткен, саналы ғұмырын ғылымға арнаған – ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор  Айбын Әдепханұлы жайлы болмақ.

Айбын Әдепханұлы – өзінің саналы ғұмырын ауылшаруашылығын өркендетуге, әсіресе аграрлық ғылымды дамыту мүддесіне арнаған қайраткер. Ауылшаруашылығы саласына сіңірген қызметі  мен жазған ғылыми еңбектерінің барлығынан ауылға деген жанашырлықтың, еліне деген сүйіспеншіліктің, биік парасат пен пайымның болмысы көрінеді. Мен осы мақаламда Айбынның тағылымға толы еңбек жолына қысқаша шолу жасап, ғылымдағы ізденістері мен ізгілікті істеріне назар аудармақпын.

Айбын  – келісті сырт келбетімен, ішкі дүниесінің тереңімен ерекшеленген, таным-пайымы кең, харизмасы қуатты азамат. Басқа да толып жатқан жақсы қасиеттері, өзіне тән жігер-қайраты парасат-біліктілігін адақтағандай. Үлкендермен дидарласса инабаттылықпен сөз тыңдауы, кішімен сөйлессе  игілікке үйретуге ұмтылуы, көрген-білгенін, әлемдік жетістіктерді терең ұғынуы, оны жалпақ жұртқа қарапайым тілде жеткізе білуі, әсіресе, ғылым болсын, әдебиет болсын әңгіме тақырыбына бойлай білуі, әрқырлы табиғи талант дарыған азамат екенін көрсетеді. Отырыс пен бас қосулардың әрдайым қызықты өтуін, жиындардың ағылған ой-пікірдің ордасына айналуын, кездесулердің әсерлі, мағналы өтуіне ерекше мән беретін ұйымдастыру қабілеті де әркімге бұйыра бермес қабілет.

Айбын Төрехановты республикалық деңгейдегі ға­лым дәрежесіне жеткізген де туа­бітті таланты және таудай талабы деуге болады. Мен Айбынды Мәскеу Олимпиадасы өткен сонау 1980 жылдардан бері білем. Айбын сол жылғы күзде Мәскеудегі К. И. Скрябин атындағы Мал дәрігерлік академиясына студент болып қабылданған еді. Сол кездің өзінде студенттер ара­сындағы абыройымен, оқуға деген ұқыптылығымен оқытушылардың ын­та-пе­йілін аударса, студенттер коми­тетіндегі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуымен ма­ғыналы кештердің шыра­йын ашып жүрді. Сөйтіп ол зеректігімен, та­лан­тымен, тапқырлығымен Мал дәрігерлік академиясы қабырғасында абыройлы болды. Осы қасиеті студент кезінде сараланып, еңбек­ке араласқан да үлкен белеске көтерген болар.

Еңбек жолын асыл тұқымды мал шаруашылығында зоотехник болып бастады. Шаруашылықта селекционер ретінде іс жүзінде шыңдалып,   аспирантураға түсіп, ғылыми ізденістерге бой ұрды. Биология ғылымдарының кандидаты мәртебесін алған соң, ғылымдағы алғашқы еңбек жолын Талдықорған ғылыми-зерттеу институтынан бастады. Сол кезең, онан соң  облыстық ғылыми-өндірістік Орталығындағы басшылығы, Ауыл шаруашылығы Министрлігіндегі қызметі және Республикалық «Асыл түлік» мал асылдандыру Орталығындағы басшы лауазымдары ел құлағына ілігіп, жақсы жағынан еленіп, өнеге тұтарлық іске ұлас­қанын ауылшаруашылығы ғылыми қауымы тегіс біледі.

«Жақсының жаттығы жоқ» деген, сол студенттік кезеңнен жақсы тіл табыстық. Көңіл табысып, әңгімеміз жарасты. Бір байқағаным, Айбын айтар ойын мақал-мәтелмен тұздықтап, классик жазушылардың сөзімен сабақтап отырады екен. Студенттік дәуір, армиядағы өмір, онан соң шаруашылықта қызмет атқарып жүргенде де екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас үзілген емес. Осы араластық, Алматыдағы «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтында» ғылыми ортада жалғасын тапты.  Содан бері мен Айбынды белгілі бір деңгейде тани алдым деп ойлаймын.

Менің көңілге тоқығаным, Айбынның бойынан қазаққа тән кеңдік, тереңдік және биіктік қасиеттер байқалады. Ең әуелі ойының кеңдігі, сонан соң пейілінің кеңдігі. Бабаларымыздың «пейілің тарылмасын» деген сөзін тілек ретінде қабылдаймыз, дегенмен астарында қолыңда барды бағалап, ықсаттап жұмсауға тырыс дейтін тапсырма жатқандай. Кең ойлау әркімнің қолынан келе бермейді, ойдың кеңдігі үлкен шаруа екені бесенеден белгілі. Осы орайда, адам өмірінің қандай болмағы ойы мен ниетіне байланысты екені Айбынның өмірінен байқауға болады.

Ойының кеңдігі, әрине, ұдайы оқуымен, оқығанын көңілге тоқуымен, үздіксіз ізденуімен қалыптасқан болар десек, пейілінің кеңдігі әже тәрбиесі, әкенің қаны мен ананың ақ сүтінен дарыған сияқты. Тағы бір ескеретін жәйт, Айбын перзентхананың тар бөлмесінде емес, қазақтың қасиетті мекені кең жайлаудың биік төрінде өмірге келуі. Пейілінің кеңдігіне қарап, жомарттығы жайлаудың төскейінде дүние есігін ашқан сәттен бастау алып, жайлау аясында қызық-думаны толастамайтын қазақ халқының ниетінен нәр алып, сусындағандай.

    Таңмен таласа оянып, кез келген істі ерте бастайтын дағдысы сол дүние есігін ашқан сәттерден бойына сіңіп қалғандай. Қызметте жүрсін, шетелге сапарға шықсын, әрдайым бозара атқан таңмен тұрып, жұмысына ерте кіріседі. «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» дегендей, осы әдетінен әсте арылған емес, әлі де сол қалпында қызметіне ерте келіп, қызметкерлер жиналғанша ойын жинақтап, тапсырмаларын ұштап, атқарар істердің жоспарын пысықтап отырғаны.

Биіктік деген сипаттамаға келсем, биіктен қараған адамға алмайтын асу болмайды. Айбынның жүріп өткен өміріне үңілсем, күрескерлік те, қайраткерлік те, батылдық та жетіп артылады. Мектепте оқып жүргенде төртінші сыныптан /класстан/ староста болуы лидерліктің бастауы іспетті. Сегізінші сыныптан бастап комсомол ұйымының жетекшісі болған. Енді, осыған Совет Одағының мақтанышы «Артек» пионерлер лагеріне жолдама алып, ол жерде Қазақстан республикасының абыройын арттырғанын ескерсек,  Айбынның ұйымдастырушылық қабілетінің ерте бастан қалыптасқанын көреміз.

Ғылыми зерттеу институтында қызмет атқарған жылдарымда байқағаным, Айбынның барлық мәселеге биіктен қарап, жаңашылдыққа ұмтылуы. Іскерлігінің арқасында өндірісте болсын, ғылымда болсын қаншама жақсы нәтижелерге жетті, қызметі де өсті. Мысалы, «Көктал» асыл тұқымды мал шаруашылығында қызмет атқарған жылдары Бүкіл Одақтық Комсомолдар ұйымының ауыспалы қызыл туын жеңіп алғанын білемін. Осы жеңіс білім мен өндірісті ұтымды ұштастырудың жемісі еді. Студент кезінде ғылыми жобасы Бүкіл Одақтық конкурста ең үздік ғылыми ізденістер номинациясы бойынша ВАСХНИЛ-дің медалін ұтып алғаны есімде. Кейіндері республикалық деңгейде мал асылдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында республикалық мал асылдандыру Орталығы «Асыл түлік» акционерлік қоғамын құрып, оның жұмысын заманауи деңгейде ұйымдастыра білді.

Осы тұрғыдан, Айбынның айналасындағы адамдарды өмір сүруге құлшындыру, сапалы қызмет жасауға ынталандыру және оларды жаңашылдыққа жетелеу қасиеті – биікке ұмтылған азаматтың ұйымдастырушылық қабілеті дер едім.

Айбынның бойындағы тағы бір қасиет – тереңдік. Шынымен де, Айбын терең ойлайды. Оқығаны мол, тоқығаны көп, жинаған ілім-білімі де терең. Ғылымдағы білетін ілімдері мен жаңалықтары  өз алдына, қазақ ақын-жазушыларынан бөлек, әлемдік үздік туындылармен, философиялық еңбектермен және саясаткерлердің тұжырымды сөздерімен жете таныс. Әсіресе, қазақтың қара өлеңімен қанаттанып, нақыл сөздерімен сөз саптауы қазақы болмысын аша түседі.

Ғылымға ерте араласқаннан болар, әр нәрсеге ғылыми негізде қарайтын әдет қалыптасқан. Алғашқы ғылыми мақалалары студенттік кезде Мәскеу мал дәрігерлік академиясы қабырғасында жарыққа шыққан. Бүгінгі таңда 500-ден астам ғылыми жариялымдары жарық көрді. Бұл да жақсы көрсеткіш, биік жетістік. Осы орайда, Айбынның ғалым ретінде болмысын айшықтауды парызым деп санар едім.

Ғылыми пайымдарына тоқталсам. Біріншіден, мал шаруашылығы қажеттілігінің маңыздылығын адақтаған ғылыми шығармаларын талдасаң ғылыми ойлау әлеуетінің ерекше қырларына тәнті боласың. Мал шаруашылығының даму тарихын саралау және оны дамытудың жолдарын қарастыру барысында байырғы халықтың сол тұстағы әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына терең бойлап, ежелден қалыптасқан шаруашылық жүргізу әдістерінің қыр-сырын ғылыми тұрғыдан саралайды.

Мәселен, еліміздің кең даласында батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып жатқан табиғи жайылым кешендерін тиімді пайдалануға бағытталған докторлық ғылыми ізденісі мал азығы өндірісі саласындағы маңызы аса жоғары ғылыми еңбек. Осы жұмыстың ғылыми жаңалығы өз алдына, оның теориялық құндылығы аграрлық ғылымға қосылған салмақты үлес. Әзелгі қазақ халқының көшпелі мал шаруашылығын ұтымды жүргізудегі табиғи жайылымдардың маусымдылығы мен өрістегі өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып мал шаруашылығын тиімді өркендеткен әдіс-әдеттерін ғылыми тұрғыдан «кеңестік модель» деген атаумен дәлелдеп, оны заманауи тұрғыдан жүзеге асырудың қағидаларын ұсынды.

Табиғи жайылымдарды пайдаланудың оңтайлы әдісі ретінде көшпелі мал шаруашылығын жүргізудің алғы шарттары жасалды. Осы орайда, мал жаюдың өрістегі өскен өсімдіктерге тигізетін әсері, шамадан тыс мал жаюдың топырақтың беткі жамылғысына кері әсері, жайылымдағы шөптердің коректік құндылығын ескере отырып жайылымдарды пайдалану реттілігі мен тәртібі жүйеленді. Бір сөзбен айтқанда, осы еңбектің ғылыми жаңалығы әралуан жайылым түрлерін ұтымды пайдаланудың теориялық негіздерін дәлелдеп, практикалық маңыздылығын іс жүзінде көрсетті.

Кезінде Алаш көсемдері назар аударған, белгілі бір аумақта көп жылдар тіршілік еткен халықтың ғасырлар бойы санасына сіңген дәс­түрлері қолданыстан шықса, халық үлкен ты­­ғы­рыққа тіреледі деген мәселе де Айбынның ізденістерінен орын алды. Өйткені, дағдыланған тірліктен бөтен шаруа­шылыққа адамның бірден икемделе кетуі қиын жағдай. «Тіршілік қаракеті өзгерген соң адамдар қиналысқа түседі, жасиды, оның ақыры бойкүйездікке алып келеді» деген Ахмет Байтұрсыновтың болжамы халықтың қалыптасқан шаруашылық жүргізу әдет-дағдысының күйзеліске  түскенінен көрініс тапты.

Осы орайда, ғасырлар бойы тіршілік еткен ортасына бейімделген табиғаттың төл туындысы ретінде қалыптасқан жергілікті мал тұқымдарын өсіру дағдысы Кеңес дәуірі кезеңінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Ұлан ғайыр дала төсінде көшпелі тірлік еткен бабаларымыз табиғаттың аясында қолдан жағдай жасалмаса да, өз төлінен көбейе алатын,  қоршаған ортаның қиындықтарына көнбіс осы малдарды тегеуірінді сұрыптау тезінен өткізгені зор жетістік еді. Алайда, мал шаруашылығын қарқынды дамыту мақсаты, әрі жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға бейімдеу үрдістері қазақ халқының қалыпты тіршілігіне, оның ішінде мал бағу дағдысына айтарлықтай өзгерістер әкелді.

Осы орайда, Айбын Төрехановтың «мал шаруашылығын өркендету үшін бірінші кезекте, табиғаттың төл перзенттеріне басымдық беру керек, екіншіден, қазақтың мал өсіру тәжірибесіне заманауи технологияларды бейімдеу керек» деген ұсынысы ойға қонымды. Өйткені, өткенді сараласақ, қазақтың дәстүрлі мал бағу тәжірибесінен ажырадық, жергілікті малдың тұқымын таза қалпында сақтай алмадық, сондықтанда табиғатпен үйлесімдікте дамыған мал шаруашылығы саласы тоқырауға ұшырады. Ғалымның ұсынысының астарында, табиғаттың төл туындысы болып табылатын жергілікті малдың тектік қорын таза сақтау, әлемдік селекцияның жетістіктерін қолдану барысында кездесетін селекциялық дағдарыс кезінде жергілікті мал генотипін қайта қолдану арқылы малды азғындалу үрдісінен сақтап қалу ілімі жатты.

Осындай батыл ғылыми болжамдар ұсынған ғалым 2010 жылдары елімізде мал шаруашылығын өркендету үшін, алдымен селекция жұмыстарын жолға қойып, мал азығын қамдау мен мал дәрігерлік мәселелеріне пәрмен беру арқылы «кең ауқымды селекция» бағдарламасын өндіріске ұсынып, осы бағытта үлкен ұйымдастыру жұмыстарын бастады.

«Кең ауқымды селекция» бағдарламасының авторы ретінде, мал асылдандыру үрдістерін заманауи талаптарға сай автоматдандыру жүйесіне көшіру бастамасын ұсынып, осы бағытта ақпараттық-сараптама жүйесін /ИАС/ жасақтауды қолға алды. Осы жүйе /ИАС/ бастапқы кезеңде сын-ескертпелерге ұшыраса да, әлі күнге жұмыс істеп тұр, өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Әзіргі уақытта республикамыздағы барлық асыл тұқымды мал өсіретін шаруалар осы жүйенің қызметіне жүгінеді. Евразиялық экономикалық Одақ аясында мал асылдандыру саласы бойынша осы жүйе ғана баянды қызмет атқарып, басқа елдердің назарына ілінген. Алдағы уақытта осы жүйенің Одақ шеңберінде мал асылдандыру жұмысына мұрындық болатынына куә болсақ, қазақстандықтар үшін мақтаныш болатыны сөзсіз.

Айбынның республикамыздың мақтанышы ретінде аталатын ғылыми жетістіктері жетерлік. Мысалы, республикалық мал асылдандыру Орталығы «Асыл түлік» акционерлік қоғамы қолданып келе жатқан аталық малдардың ұрықтарын мұздатудың заманауи тәсілі өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Айтулы жетістіктерінің бірі - жаңа тұқым болып қалыптасқан  «Етті меринос» қойы. Сауын сиыр саласы бойынша, республикамызда өсіріліп келе жатқан жергілікті малдың, мысалы, Алатау тұқымының сүтті бағыттағы жаңа типі «Ақырыс», Симментал тұқымының сүтті түрі «Ертіс» жаңа типі және қарала сиырдың қазақы түрі «Сайрам» жаңа типтерінің авторы. Осы жетістіктер жайлы ақпараттар бұқаралық баспа беттерінде жарияланып, кеңінен насихатталды. Бұл селекциялық жетістіктерінің бір парасы.

Сонымен бірге, етті бағыттағы сиыр тұқымдарының бірнеше типтері мен аталық іздерінің /линия/ қалыптасуына атсалысты, өнімді, яғни етті-сүтті бағыттағы жылқы малының жаңа типі Қожамберді тұқымының және жылқы шаруашылығындағы бірнеше аталық іздерінің авторы. Мал шаруашылығынан тысқары, мал азығы өндірісі саласында да селекциялық жұмыстарға жемісті басшылық етіп, еркек шөптің жаңа тұқымы «Сабат» пен жоңышқаның жаңа «Балауса» тұқымдарын шығаруға белсене қатысты, әрі авторларының бірі.

Ғылыми жұмыстарына бойлай берсек, қол жеткізген жетістіктер ұшан теңіз. Менің айтайын дегенім басқа, ол Айбынға тән қарапайымдылық. Мысалы, мал шаруашылығын дамытуға айғайламай-ақ үлес қосуы. Бар ниетімен, жан-тәнімен қызметке берілу Айбын үшін азаматтық парыз, әрі намыс іспетті. Қазақстан Республикасының Ұлттық атласын шығару барысында ауыл шаруашылығы бөлімін, оның ішінде мал азығы өндірісі саласы бойынша қарастырылған материалдарды дайындауға басшылық етті. Осы еңбегін атақтап айтқанын естіген емеспін. Ғалымға тән қарапайымдылықпен арзан беделге бой алдырмай, мүмкіндігі бола тұра жетістіктерін жария етіп, жағымды имидж қалыптастыруға талпынған емес. Оның бойындағы осы қасиет өмірлік қағидаты іспетті, мен  осыған тәнтімін.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған ана тілінде дайындалған бірнеше оқулықтар  шығарды. Осылай, «Қазақ тілі – ғылымның тілі бола алмайды» дегендерге нақты ісімен тойтарыс берді. Мысалы, «Мал өсіру және селекция», «Шалғындық-жайылымдық мал азығы өндірісі», «Ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасын сараптау және бақылау»,  «Ірі қара шаруашылығы» атты  оқулықтары және «Мал селекциясы» практикумы мен «Қазақстанда мал мен кұс азықтандыру және азық дайындау технологиясы» анықтамалығы студенттер қауымы мен жоғары және арнайы оқу орындары оқытушылары үшін бағдаршам іспеттес.

Басшылық күрделі істерді жауапкершілігі зор адамға тапсыратыны белгілі. Республикалық мал асылдандыру Орталығы жұмысының қалыпты үрдіске түскені сол еді, Айбынды Кеңес Одағынан қалған бірнеше институттың базасында жасақталған жаңа ғылыми-өндірістік Орталықты басқаруға жіберді. Қой шаруашылығы, құс шаруашылығы, ірі қара шаруашылығы, мал азығы өндірісі және мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институттарын біріктірген «Мал шаруашылығы және ветеринарлық ғылыми-өндірістік орталығына» басшылыққа Айбын осылай тағайындалған еді.

Сол жылдары Ауыл шаруашылығы Министрлігін басқарған тәжірибелі басшы Ахметжан Смағұлұлы Есімов  ұйымдастыру қабілеті зор, әріптестеріне талап қоя білетін, ел тілегіне құлақ аса білетін, жаңашылдыққа жаны құмар, қиын сәттерде қиюын тауып, шешім қабылдай білетін қабілеттеріне бола, Айбында осы Орталыққа жіберуге шешім қабылдаған болар. Айбын Әдепханұлы осы сенімді абыроймен ақтап, биікке көтерілгені анық. Ғалымдардың ғылыми ізденістеріне еркіндік беру, ғылыми зерттеулерде жаңа әдістерді батыл енгізу, жаңашылдықты ұдайы қолдау және жетістіктерге жеткен ғалымдардың еңбегін жүйелі көтермелеу арқылы Айбын Орталықтың жұмысына пәрмен берді.

Осы кезеңде, республика көлемінде мал шаруашылығындағы селекциялық жұмыстар жанданып, технологиялық ізденістер жаңа деңгейге көтеріліп, заманауи талап тұрғысынан геномдық сараптау жүргізу әдістері өндіріске жол тартты. Табиғи жайылымдарды тиімді пайдаланудың ғылыми негіздері жасақталып, екпелі шөптердің жайылым кешендерінің дамуына әсері пайымдалды. Замана талабына орай, мал шаруашылығын қарқынды дамытудың алғышарттары анықталып, мал азықтандырудың жаңа әдіс-тәсілдерін өндіріске бейімдеудің ғылыми негіздері қарастырылып, практикалық қолданысына пәрмен берілді. Осындай кешенді зерттеулердің негізінде төрт түлікті тең өсірудің ғылыми тұжырымдамасы жасалып, Министрлікке ұсынылды. Осы еңбектерінде әлемдегі озық технологияларды өндіріске енгізудің ғылыми негіздері тиянақталды.

Айбынның ғалым ретінде, қайраткер ретінде ізденісі де, шығармашылығы да көп қырлы. Жоғарыда атап кеткен ғылымдағы тың ойлары мен батыл ізденістері өз алдына, бұқаралық баспасөз бетінде жарық көрген терең ойлы мақалалары мен ақпарат құралдарына берген мағналы сұхбаттары шығармашылық қабілетінің көп қырлылығына куә. Кейбір сұхбаттарында, мысалы, «Алаш айнасы» газетіне берген «Жақын жайылымдарды азғындаудан арылтып, шалғай жайылымдарды пайдалануды қолға алған дұрыс» атты сұхбатында, «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Потенциал - в миллионах гектаров. Отгонные пастбища - неиспользуемый резерв развития отечественного животноводства» мақаласында, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Бәсекенің бір шарты отандық ғылымды дамыту» мен «Сапалы жемшөп - мол өнім кепілі» және «Ақиқат» жорналында берілген «Отандық ғалымдар заманауи технологияларға ілесе алуда ма?» мақалаларында қайталанбас ойлар айтылып, батыл ұсыныстар жасалады.

Осы орайда, Айбынды ғалым ретінде танытқан ғылыми жаңа зерттеулері мен ізденістеріндегі теориялық толықтырулар ғана емес, көпшілікке арналған публицистикалық мақалалары десек ақиқаттан алыстамаймын. Мысалы, «Ата-бабаларымыз қолдан сұрыптауды сауатты жүргізген», «Тектілік - мал өсірудің алғы шарты», «Жылқы - төрт түліктің төресі»,  «Құтты малдың» құты кетпесін»,  «Мал шаруашылығын қалай дамытамыз?» атты танымдық мақалаларында байырғы қазақ халқының дәстүр-дағдысына сүйене отырып, заманауи мал өсірудің қыры мен сырын аша түседі.  Айбын қай тақырыпта мәселе көтермесін, нық сеніммен проблема болмысына терең бойлап, заманауи ағым ауанын ескеріп, жан-жақты тұжырым жасайды. Фрагментарлы ойларды бір жүйеге тұтастырып, кешенді шешім қабылдауға ұмтылады. Бұл ғалымға тән ерекше қабілеттерінің бірі.

Сонымен бірге, ғылыми зерттеулерін ана тілінде жариялау барысында көптеген терминдерді қолданысқа енгізді. «Мал өсіру және селекция», «Шалғындық-жайылымдық мал азығы өндірісі», «Ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасын сараптау және бақылау» және  «Ірі қара шаруашылығы» оқулықтарында жүзден аса жаңа терминдер қолданысқа ұсынылды. Оқытушылар мен оқушылар тарапынан тосырқамай айналымға енген осы терминдер ауыл шаруашылық саласында, әсіресе мал шаруашылығында  кеңінен қолданылады.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсыновтың ұстанымына сүйенген Айбын, мал шаруашылығындағы ғылыми терминдердің дұрыс қалыптасуына пәрмен беріп келе жатқан ғалымдардың бірі. Қағазға түскен әр терминнің ғылыми астары қазақы ұғыммен үйлесімді болуына мән беріп, сөздің қатталып түсуіне дейін назарда ұстайды. Мысалы, әуке - подгрудок, болбыр - рыхлый, жабағы жүн - рунная шерсть, мәуіті жүн - камвольная шерсть, жетілмей қалу - недоразвитие, жүйкесі жұқа - нервный тип, күйгелек - неуровновешенный тип, күйттеуші қошқар - баран-пробник, өніп-өсу - воспроизводство, сарқа сауу – раздой, суалған сиыр – сухостойная корова, тұқымның азғындауы – вырождение породы, аталықіз – линия. Осы терминдердің  қазақша аталуы көңілге қонымды, тілге жатық әрі қазақы ұғымға сай өрілуі көзге ұрып тұр.

Айбын еңбек жолындағы барлық биіктерге өзінің білімділігі, біліктілігі, талапшылдығы, талғампаздығы және адамгершілік қасиеттері арқылы жетті. Өмір жолында талай қиындық пен әділетсіздіктерді бастан кешірді. Алайда, ешбіріне мойыған емес. Ақыл-ойының тұңғиығына бойлап, рухының қуатына сүйеніп, айналадағы болып жатқан жағдайларға барынша сабырлықпен қарап, уақытша туындаған қиындықтарды жеңе білді.

Өзіне тән табандылығымен мал шаруашылығы саласындағы ғылыми ұстанымдарына сенімділікпен қарап, бүгінгі таңда сол бағыттарды қайта жаңғыртып, іске асыруға бар күш-жігерін арнауда. Үлгі болар жақсы қасиеттерінің бірі ғылыми мақалалардың мазмұны мен сапасына ерекше көңіл бөлуі. Ғылыми жарияланымдар болсын, ғылыми ізденістер болсын, таптауырын болған ескі сарыннан бас тартып, заманауи үлгідегі озық материалдарды дайындауға ерекше мән беретін талапшылдығы. Бүгінгі биікке жеткізген де осы талапшылдығы болар.

Айбынның жақсы жақтары көп, дегенмен үлгі тұтатын қасиетінің бірегейі – ізденімпаздығы. Үнемі ізденіс үстінде. Кітап, газет-журналдарды үзбей оқу күнделікті дағдыға айналған. Оқыған материалдарының керекті тұстарын түртіп, қағазға түсіруден жалықпайтын әдеті тағы бар. Сөйлескенде сұхбаттасын әңгіменің иіріміне баурап алу да Айбынға тән ерекшелік. Сонымен бірге, табан астында сөз табуға, ұтқыр шешім қабылдауға, қисынын келтіріп жылдам жауап беруге шебер. Осы қасиеттер білімі мол, ізденімпаз адамның ойлау қабілетін айғақтап тұрғандай.

Біліммен қатар біліктілігін де елге мойындатқан азамат. Ғылыми жиындарда талас-тартыс туындаған пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, бәрі мойындайтын кесімді шешім айта алатын әділдігі де ғылыми ортаға мәлім. Ғылымға деген адалдығының куәсі ғылыми-танымдық мақалаларында ғылыми болжамдарды танымдық тұрғыдан көркем суреттеп, ескерілмеген елге таныс дүниелерді /құбылыстарды/ жаңа қырынан сипаттап, ғалымдарды да, оқушыларды да ойға жетелейді. Жинаған білімі мен біліктілігін, атқарар ісінің мәйегіне айналдыра алған осы қабілеті келбетіне көрік беріп, кісілік мәртебесін асқақтата түскендей.

Осы орайда, қазақ аграрлық ғылымының тынысына дем бергенімен қатар, басқа елдердің ғылыми ортасына ұлтымыздың үздік жетістіктерін таныту барысында Ресей, АҚШ, Франция және Алмания мемлекеттерінің ғылыми жарияланымдарында мақалалар жариялап, қазақстандық ғылымның ауқымын кеңейтуге зор үлес қосып келе жатыр.

Еңбек сүйгіштігі өз алдына, жалқаулық пен кертартпалыққа жаны қас. Жан қуаты мол болғандықтан, қазақшылыққа салынбайтын тәуекелшіл азаматтығы бар. Көп ғалымдарға тән «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей», бастаған істерін аяқсыз қалдыру деген Айбынға жат қасиет. «Тәуекел түбі – жел қайықтың» ескегін қорықпай есетін батылдығы бар. Осы батылдығы болар, ел экономикасы шатқаяқтап тұрған 2000 жылдары, материалдық базасы күйреп жатқан Ақмола облыстық мал асылдандыру станциясының негізінде республикалық мал асылдандыру Орталығы «Асыл түлік» қоғамын құрып, жұмысын халықаралық деңгейге көтерді.

2010 жылдары «кең ауқымды селекция» бағдарламасын ұсынып, республикамыздағы асыл тұқымды мал өсірудің жаңа бағытын жасақтап, мал шаруашылығы саласына цифрландыру жүйесін /ИАС/ ендірді. Қазіргі уақытта, кезінде 2012 жылдары бастаған мал тұқымын бағалаудың заманауи жүйесін толық өндіріске енгізуге бар күш-жігерін салуда. Ең бастысы, геномдық саралау арқылы асыл тұқымды малдың құндылығын ерте анықтаудың ұтымды әдістерін өндіріске ұсынуға бар білімі мен біліктілігін жұмылдыруда.

Адами жақсы қасиеттерінің бір парасы – қолы ашық, көпшілдігі. Курстастарына, жанында жүрген жақын азаматтарға жылы ықылас танытып, әрдайым көмек көрсетіп, демеп жіберуге дайын тұрады. Үйінде болсын, іс сапарда болайық, әрдайым дәм-тұзын ұсынатын қазақы қонақжайлы мінезіне разы боласың. Қызметін бұлдамай, үлкенді құрметтеп, кішіге ізетпен қарап, адам көңілін жыға бермейтін кішіпейілділігі басым.  Дегенмен, бетіңе айтатын турашыл, бірбеткей мінезіне сай кейде, ашу қысқанда бурадай буырқануы да мүмкін.

Жоғары оқу орнында бірге оқыған, әрі үзеңгілес досым Айбынның қыр-сырына үңіле отырып, «ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген нақыл көкейге қонақтады. Айбынның әрдайым аузынан тастамайтын, ерекше құрмет тұтатын ұстазының бірі академик Лев Константинович Эрнст. Академик Л.К. Эрнст Кеңестік Одақтың белгілі ғалымдарының бірегейі, ВАСХНИЛ-дің отыз жылдан аса вице-президенті болған мемлекеттік қайраткер, әрі ғұлама ғалым. Кеңес Одағында мал шаруашылығын дамытудың алғышарттарын ғылыми негізде қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген ғалым-ұйымдастырушы. Кеңес Одағының асыл тұқымды мал шаруашылығын ілгерілету бағытындағы кешенді бағдарламасы «СЭЛЭКС» - тің басты авторы.

Өмірінің жауапты кезеңдерінде ұстаз болған адамдар да Кеңес Одағының ғылыми ортасына танымал жандар. Мал дәрігерлік академиясында дипломдық жұмысына жетекші болған академик Красота Владимир Филиппович еді, генетика үйірмесінде ғылыми жетекшісі профессор Ген Никифирович Шангин-Березовский болды. Докторлық диссертациясына Л.К. Эрстпен қатар қазақстандық ғалым - академик, Социалистік Еңбек Ері Қасым Әбуұлы Асанов жетекшілік етті. Совет Одағына танымал ғалымдар - академиктер Қ.Ү. Медеубеков, И.Н. Нечаев, Р.А. Оразалиев сияқты тұлғалармен иықтасып бірге қызмет атқарды. Айбынның ғылымға адал азамат болып қалыптасқанына осындай ұстаздарынан білім алып, үлгі-өнеге үйренгені болар. Білім жолында да, ғылыми ізденістерде ақыл-білімі асқан адамдардың қарымында шыңдалып, ғалымдығын жалғастырудан танбай келеді.

Үзеңгілес досым Айбын осылайша өзінің табиғи қалпымен азаматтық келбетін сомдап, қазақстанның аграрлық ғылымының ілгерілеуіне жан-тәнімен ат салысып жүрген ғалым. Өнегесін айта берсем, үлгі алуға тұрарлық қасиеттері көп азамат.

Мен білетін Айбынның болмысы жайлы пайым мен қысқаша баянымның бір үзік нұсқасын осымен аяқтап, Айбын досыма алдағы келе жатқан алпыстың асқар асуына абыроймен көтерілуіне тілектеспін.

 

Жөкен Тұрмухаметов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар