"Үй-ішіне қарауға бет жоқ". Әкімбай не істеп қойды?

Dalanews 08 қыр. 2017 10:17 784

"Бұл 1991 жылы болған оқиға еді" деді құрылысшы жігіт Әкімбай. Үйленгеніме он шақты күн болған. Жалақыны жұмыс басына әкелді. Сол сол-ақ екен жолдастарым «үйленгеніңді жу» деп қолқалады. Сүйген жарым үшін не аяйын. Қалтамнан жиырма сомды шығарып, ортаға тастадым.



Жуатын жалғыз мен ғана емес, кейбірі кезекті демалысқа шыққандарын, ал, кейбірі жұмысқа жаңа орналасқанын, енді біреулерінің інісі әскер қатарынан оралғандарын еске алып, олар да шашылды.

Сонымен, жұмыстан кейін жұмысшылар демалатын кішкене үйде «тойымыз» басталып кетті. Сөз қыза түсті, ішкілік те жалғаса берді. Күні бойы ауыр жұмыста болып, ыстық тамақ ішпеген аш қарын ащы суға қайдан төтеп берсін! Бір-бірімізбен құшақтасып, бір-бірімізге тым ыстық көрініп барамыз...

Барылдаған дауыспен өлең айттық. Бір кезде сағатына қараған Кәуекбай:

– Ой-бай, жігіттер қайтайық. Мал келетін уақыт болып қалыпты ғой, – деді. Біз көңілді отырысымызды бұзған Кәуекбайды онша жақтырыңқырамай қалдық. Біздің жақтырмағанымызды сезген Жақан бригадир Кәуекбайға «тұра тұр» дегендей ишара жасады.

– Жігіттер, мына жүз елу грамм арақ пен екі жүз грамдай шарап қалды. Екеуін араластырып бір банкіге құйып қойдым. Қане, жүрегінің түгі бар, мас болмаймын деген жігіт келсін де, мынаны түк қалдырмай ішіп қойсын. Сосын тарқаймыз, – деді. Ешкім белсеніп шыға қоймады. Бұл маған біртүрлі қорлық болып көрінді. Орнымнан тұрып ішкілік тұрған столға беттедім.

– Өй, мынау маладес қой!

– Байқа, Әкімбай, мас болып жүр ме?

Мен банкідегіні қылқылдата ішіп жатырмын. Босаған банкіні столға қойғанда әріптестерім маған қошемет көрсетіп, қол шапалақтады. Бұған мен ерекше масаттанып қалдым...

Қайтып келеміз... онша мас емес сияқтымын. Жүріп келем, жанымда Сейтек бар. Ескі мектептің қасына келгенде ол үйіне кетті. Мен жоғары көшеге шығуым үшін кішкене арықты кешіп өтуім керек. Аяғымдағы туфлиді шешіп, су кешкенімді білем. Одан ары қарай...

... Арықтың ортасына құлаған мен қолыммен лайды сабалап, «жүзіп» өтпекші болыппын. Лайдан өтіп, құрғақ шөптердің үстінде төрт аяқтап «жүріп» келе жатқан мені алғаш қозы бағып жүрген кішкене балалар көріпті. Содан үйге хабар беріпті...

Қарт әкем трактор «жалдап» маған келіпті. Тұрғызайын десе, қалың шөпті тырмалап тұрмаппын. Ақыры, тракторист екеуі жабылып, тракторға мінгізіпті. Келе жатып, трактористің қолын тістеп алыппын. Үйге әкеліп, есін жинасын деп басыма су құйыпты. «Құсшы, Әкімбай, қолыңды салып құс», десе, мен екі қолымды аузыма салып, құсудың орнына қатты-қатты ысқырыппын... Ақыры болмаған соң үйдегілер жабыла ұстап, арқанмен таңып тастапты....

Ертесіне тұрсам байлаулы жатырмын. Үй-ішіне қарауға бет жоқ. Ең ұят жері сол күні үйге бірінші рет бұрын көрмеген балдызым келіпті. Жездесінің тегін «концерттік программасына» толық куә болыпты.

Үй-ішім мені ортаға алды. Дыбыс жоқ, мелшиіп отырмын. Әкем үндемеді. Үндемесе де маған деген ренішін ауыр күрсінулерімен білдірді. Өзі ауру қартаң кісіні ренжітуім, өліммен бірдей еді. Мен сол күні енді ішпеске үй-ішіме уәде бердім. Содан бері аузыма алған емеспін.

«Арақтың өзі ақ болғанымен мұрныңды қызартып, абыройыңа дақ түсіреді» деген екен орыстың ұлы жазушысы Антон Чехов. Сол айтпақшы, арақтың көрсеткен «рахатын» әлі ұмытар емеспін. Ойыма түссе әлі де ұяламын, Үй-ішіне қарауға бет жоқ деп, – Әкімбай әңгімесін аяқтады.

 

Орынтай КӨМЕКОВ (автордың жазбасы "Атамының басы-ай" тобынан алынды)

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар