Dalanews.kz cырттан келген инвесторлар жайында cаясаткер Ғалымжан Жақияновпен сұхбаттасқанды жөн көрді.
Dalanews: Ғалымжан Бәділжанұлы, кеше ғана Костенко шахтасында болған жарылыстан 46 адам қаза тауып, қазақ елі аза тұтты. Оқиға орнына барған Президент, үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен арадағы инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатып, мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтып қалды. Бұдан кейін кәсіпорынды кім басқаруы мүмкін?
- Бұл жерде әңгіме «АрселорМиттал Теміртауды» біреуінен алып, екіншісіне беруде емес. Өйткені, кәсіпорын Митталдың қолына тигелі 30 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде қаншама адам қаза тапты. Бір тергеу жүргізіп, соттап, я болмаса жауапкершілікке тартқанын көрген жоқпыз.
Соның кесірінен кезекті апат болды. 46 адамнан айрылу оңай емес. Үкіметтің қаза тапқандарды таба алмай жатып «АМТ-ны қайтарып алдық» деп айтуы халықты жұбатқанмен бірдей.
Меніңше, ең алдымен баға берілуі керек. «АрселорМиттал Теміртау» иелерінен бастап, үкіметтің бұрынғы басшылары, кезінде жекешендіруді өткізіп, жауапты болғандардан сұралуы тиіс.
Кеше ғана Төтенше жағдай министрі бұған дейін шахталарда 212 рет заң бұзушылық тіркелгенін айтып жатты. Сонда бұл айтылып қана қоя ма? Бұрын неге шара қолданылмады? Прокурорлар, сот органдары неге білмейді? Әдетте бейбіт адамдар көшеге шықса, артынан бірге жүгіріп отырады. Ал мына жағдайда неге тексеріп, жауапкершілікке тартпайды?
Міне, осылай толыққанды зерттеу жүргізіп, баға берілуі тиіс болатын.
Ал кәсіпорынды тартып алған күннің өзінде Миттал оңай құтылып кеткелі тұр. Өйткені, кезінде арзан бағаға қолына түсіріп алды. Ана жолды, мына жолды пайдаланып, бірдеңесін беріп, иелік етті. Сондықтан Миттал ештеңеден ұтылмайды.
Бірақ Үкімет компенсация талап етудің орнына «меншігімізге қайтарамыз» деп елді алдандырып отыр. Байқаймын, жұрттың көбі «өзімізге қайтты ғой» деп бұған ризашылық білдіруде. Шахтаның аты – шахта. Қаншама кен орны бар. Оның қауіпсіздік жағдайын тексермей, анықтамай әрі қарай қалай жұмыс істейді?
Ал мына қайғылы оқиғадан кейін еңбек қауіпсіздігін қалпына келтіру үшін қыруар қаржы керек. Оған тағы да үкімет ақша бөледі. Мәселен, сол Митталдың Үндістан мен Ұлыбританиядағы кәсіпорнында жарылыс болса, олар өтемақыны компания иелерін шырылдатып отырып, шығарып алады. Бұл қаржы зардап шеккендерге, қаза тапқан отбасына беріледі. Ал бізде де «жәрдемақы ретінде көмек беріледі» деді, бірақ тағы да үкімет есебінен болып тұр ғой. Айналып келгенде, бұл халықтың ақшасы.
Шын мәнінде, қылмыс жасап отырған – кәсіпорын иесі, өтемақысын төлейтін – халық. Бұл әділдікке жатпайды. Сондықтан ең әуелі тергеу амалын жүргізіп, кінәлілерді біртіндеп анықтау керек.
Тіпті, 1995 жылдан бері өткен-кеткеннің бәрін тексеру қажет. Турасын айта алмаймын, бірақ осы жылдарда Митталдың Қарағанды, Теміртаудағы кен орындарында қаза болған адамның саны терроршылардың қолынан қаза тапқандардан артық екен. Сонда бір өндіріс орнының өзі терроризмнен кем болмай тұр ғой.
Бұған құқық қорғау орындары, не прокурор, не қауіпсіздік кеңесі дұрыс баға беріп отырған жоқ. Бәрінің ұмтылғаны – активтерді тартып алу мен бөлу. Бұл дұрыс емес.
Dalanews: Миттал ең алғаш біздің елге 1995 жылдың күзінде келіпті. Ал сіз 1997 жылы Стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігін басқарған кезде «Қарметкомбинатты» небәрі 220 млн долларға сатып алғанынан хабардар болдыңыз ба? Осы мәселе туралы Назарбаевқа батырып айтқандар болды ма? Мәселен, өзіңіз?
- Біз ол жылдары «Қарметкомбинатты» тікелей тексермедік. Мұнай, газ, энергетика саласындағы басқа стратегиялық нысандарды тексердік. Жалпы, сол жылдары жекешелендірудің заңсыз, әділетсіз өткені туралы және әр нысан бойынша заң бұзу дерегін анықтап, президент Назарбаевтың атына өтірік айтпасам, ай сайын жолдап, жеткізіп отырдық. Агенттік бар-жоғы 8 ай ғана жұмыс істеді. Ол кезде агенттіктің прокуратура сияқты тергеу жүргізетіндей құқығы болған жоқ.
Біз тек аналитика жасап, дұрыс еместігін көрсетіп, «жекешелендіруді тоқтатып, нысандарды мемлекет қайтадан қолына алу керек. Тендерді дұрыс өткізу қажет» деген ұсыныс жасадық.
Бірақ нақты «Қарметкомбинатқа» қатысты пікір айта алмадық. Себебі, оған ол кезде қолымыз жете қойған жоқ.
Dalanews: Миттал BBC-ге берген сұхбатында «Қазақстан нарығына «кіру» үшін 100 млн АҚШ долларын пара ретінде бергенін айтыпты. Мұны Машкевич жоғарыдағыларға үлестірген көрінеді. Былайша айтқанда, Назарбаев үлкен нысандарды су тегінге сатып жіберді ғой...
- Бүгін оны сіз бен біз қалай айта аламыз? Мұны мемлекет тартып алғанымен қоймай, әу бастан қалай болғанын зерттеп, Қылмыстық заңы бойынша тергеу жүргізіп, жауапкершілікке тарту керек. Миттал оңай құтылып кетпеуі тиіс.
Dalanews: Митталмен жасалған келісім-шарт құпия екені айтылды. Оны ашу еліміз үшін қауіпті емес пе? Тіпті, ол бізді халықаралық сотқа сүйреуі мүмкін бе?
- Миттал бізді емес, біз оны халықаралық сотқа сүйреуіміз керек. Өйткені, оның дүниежүзінде басқа да мүліктері бар. Жаңа бекер айтқан жоқпын, осы апат Үндістан мен Ұлыбританияда тіркелсе, оның қалай жауапқа тартылғанын көрген болар едік. Біз сылтау ғана айтып отырмыз.
Dalanews: Маңызды стратегиялық нысандарды шетелдік инвесторлардың қолына неге бере салдық? 32 жылдан бері өз игілігімізге қайтаруға не кедергі?
- Әу баста мемлекетіміздің үлкен өндіріс орындарын жеке жобамен жүргізгені теріс болды. Мұның бәрі қылмыстық жолмен жүргізілгенін нақты айта аламын. Өйткені, кезінде біраз нәрсені көрдік, оны айтттық та.
Басынан қисық жолмен жүргенінің салдары осындай жағдайға әкелді. Сол кезде келгеннің көбі шетелдік инвестор емес, соның тоңын бүркеніп алғандар.
Дәл сол уақытта «Шетелдік инвестицияны қорғау туралы» заң шыққан. Сол заңды салықтық жеңілдіктер алу үшін, сондай-ақ жұмысшы алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті шектеу мақсатында пайдаланды. Басқасын айтпағанда, өзім істеген Павлодар облысында Машкевич, Блаватник, Щербович, Бухович сияқтылар шетелдік инвестор ретінде келіп, еліміздің экономикасын жемқорлыққа батырды.
Содан бергі 32 жылдың соңғы бес жылында көптеген өзгеріс жасауға болатын еді, бірақ ұлттың, елдің игілігіне ештеңе істелмеді. Шетелдік инвестордың қай нысаны да сондай. Әрине, бұл заңға бой ұсынып, санасатын АҚШ-тың, Еуропаның елдегі компанияларына қатысты емес. Ал Миттал «Қарметкомбинатты» небәрі 220 млн долларға сатып алды деді.
Сол сияқты Екібастұздағы жылына 50 млн тонна көмір өндіретін дүниежүзіндегі ең ірі «Богатырь» көмір кенін 1996 жылы 20 млн долларға бере салған. Оның ақшасын бір емес, бірнеше жылда қайтаруға келіскен.
Ең сорақысы, кен орны қоймасындағы көмірдің өзі 750 млн долларға бағаланған. Мұны енді не деуге болады? Таза қылмыс қой. Егер осыны қылмыс ретінде санап, тергеу жүргізіп, жауапкершілікке тартса, заңдылық болар еді. Оны сатып алған АҚШ-тың Axis Industries компаниясы десе де, бірақ өзіміздің бұрынғы «отандастар».
Dalanews: Бір-екі күнде Митталдан кейінгі айналысатын мәселе өзіңіз «Майшеке» дейтін Машкевич болуы керек дегенді жиі естідік. Әліптің артын бағып жүре берсек, ертең Статилер сияқты сан соқтырып кетпей ме?
– Тағы да қайталап айтайын, біз қазір «анадан мынаны тартып алайық» дегенді науқанға айналдырып жатырмыз. Өз басым мұны қолдамаймын. Заң бәріне ортақ. Бәріне бірдей қатаң қарау керек. Егер нақты мәлімет болса, көрсетіп, тексеру процесін жүргізу қажет. Одан бөлек «Активтерді тартып алған соң кімнің қолына береді?» деген әңгіме шығып жатыр. Сондықтан бәрін заңды жолмен істеу керек.
Dalanews: Депуттарттар да үкіметке инвесторлармен арадағы келісім шартты қайта қарау керектігін айтуда. Сіздің ұсынысыңыз қандай?
– «Шетелдік инвестиция туралы» заң осыдан 20 жыл бұрын күшін жойып, кейін «Инвестиция туралы» болып өзгерді. Бәлкім, депутаттар қазба байлықты пайдалану жөніндегі контракт туралы айтқан шығар. Бірақ ондай келісім көп болмауы мүмкін. Бұл жайында пікір айту үшін заңнама жөнінде зерттеу жүргізіп, оны қайта қарайтын жағдайымыз бар ма, жоқ па, оны да есептеуіміз керек. Бұл мәселе өз алдына, біз қазір көз алдымыздғы апатты жағдайдың, заңсыздықтың мән-жайын терең тексеруіміз қажет. Митталға, Машкевичке, «Қазақмысқа» байланысты келеңсіз жайттар көп. Меніңше, күн тәртібіндегі түйткілдерді шешіп алу керек.
Dalanews: Соңғы кезде Смайылов үкіметіне қатысты сын көп. «Өзіне міндеттелген жауапкершілікке салғырт қарады, әлі күнге ескі Қазақстанға елеңдеп жүр» деген пікір бар. Сіздіңше, оның отставкаға кететін уақыты келген жоқ па?
– Жауапкершілікті Смайылов қана емес, бүкіл Қазақстанның президент бастаған мемлекеттік органдарынан бастаушы едім. Смайылов – Тоқаев қойған адам. Сонда жауапкершілік кімде? Смайылов – сайлаудан өтпеген, халық қолына билік бермеген шенеунік. Бүгін Смайылов, ертең басқа келер. Бірақ жүйені өзгертпей, осы жағдай қайталана береді. Жүйе өзгерсе, мемлекеттік қызметкерлерде жауапкершілік пайда болады.
Ал Смайыловтың ескі Қазақстандағы кімге елеңдеп жүргенін білмеймін. Депутаттар да, басқасы да атын атап, түсін түстесе, дұрыс. Ескі Қазақстанның кінәсі өз алдына, қазіргі жағдайда жаңа Қазақстан да оңып тұрған жоқ. Осындай апат былтыр да болды. Содан бері неге шара қолданбады? Бұрынғыны айта беріп, бұрынғымен күресіп жүре береміз бе?
Dalanews: Қазір «ескі Қазақстан», «жаңа Қазақстан» деп айту әдетке айналып кетті. Бұл тіркес сіздің құлағыңызға қалай естіледі?
- Ескі болсын, жаңа болсын бір режим, бір жүйе. Бәрі бұрыннан келе жатқандар. Тіпті, президент ескі Қазақстанда Тоқаевтың өзі премьер-министр, Сыртқы істер министрі, Сенат төрағасы болды. Осы тіркесті жиі тілге тиек ететіндерден «Тоқаев ескіге кіре ме, жаңа Қазақстанға ма?» деп сұрау керек шығар.
Тоқаевты былай қойғанда, парламенттегі депутаттардың өзі қайсысына жатады? Ескі Қазақстан өкілі ме, жаңа Қазақстанның ба? Әрқайсысының бетін тырнасаңыз, тіпті «жаңамын» дегеннің өзі ескі боп шыға келеді. Сондықтан бұлай бөліп айту – орынсыз.
Жүйе ауысқан кезде ғана мемлекетімізді «жаңа Қазақстан» деп айта аламыз. Ал қазір бұрынғы қалпындағы ескі Қазақстан. Қазір ескісі де ескі, жаңасы да ескі. Жаңарған ештеңесін байқаған жоқпыз.
Әңгімелескен, Аяулым ШАЙМАРДАН