Жаркент. Ылғал сақтау технологиясы жүгерінінің шығымын екі есе арттырған

Dalanews 31 қаз. 2023 11:49 1625

Панфилов ауданындағы «Айгерім» шаруа қожалығы егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізудің арқасында жүгерінінің өнімділігін екі есе артқан, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаруа қожалығы екі жылдың ішінде 156 гектар жерге ылғал сақтау технологиясын енгізіп, оған жалпы сомасы 270 млн теңге инвестиция құйған. Бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім алса, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде әр гектарына 150 центнерге дейін өнім алып отыр.

«Айгерім» шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сарпековтің айтуынша, ол жүгері өсірумен 11 жылдан бері айналысып келеді.

– Шаруашылықта мал азығына және тұқымға арналған жүгері түрлері, сол сияқты попкорн жүгерісін өсіреміз. Жүгері өсіруде ылғал сақтау технологиясын енгізудің маңызы зор.

Осы ретте 2022 жылы алдымен 55 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізіп, әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім жинадық. Биыл тағы 101 гектарға осындай құрылғылар қойдық.


Бұл ретте су үнемдеу технологиясын орнатуға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекеттен субсидияланатыны едәуір көмек. Қазір күзгі жиын-терін науқаны қызу жүріп жатыр. Өнімділік былтырғы шамада болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Ұлан Сарпеков.

Тамшылатып суарудың израильдік технологиясын алматылық «Ирригатор Казахстан» ЖШС орнатқан және осы компания жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне титісті сүйемелдеу жасап келеді. Сонымен қатар компания мамандары су сорғы стансысында қалай жұмыс істеу керектігін шаруашылықтағы екі жұмысшыға арнайы үйретті.

Қожалықта жүгері шаруашылығымен қатар, қазақтың биязы жүнді қойын өсіру жолға қойылған. Бүгінде шаруашылықта 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 40-қа жуықтайды.

Жалпы Жаркент өңірінде жүгеріні кептіру, сақтау және өткізу мәселесі де өзекті. Бұдан бірнеше жыл бұрын шаруалардың өтінішіне орай Пенжім ауылында облыс әкімдігінің қолдауымен жүгеріге арналған 2 қырман салынған болатын. Екі қырман да бүгінгі күні халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр.

Жалпы бірінші қырманда бір ауысымда 1200 тонна, ал екінші қырманда бір аусымда 1500 тонна кептіріледі. Сол сияқты «Оразбаев Б.З.» шаруа қожалығы өткен жылы тәулігіне 800 тонна дән кептіретін сыйымдылығы 10 мың тонналық жүгері кептіру және сақтау зауытын салған болатын. Бұл нысанның өңір шаруашылықтары үшін де тиімділігі мол болды. Шаруашылық басшысы Берік Оразбаевтың айтуынша, қоймада 2022 жылы 5 мың тоннаға жуық жүгері дәні сақталған. Биыл да жұмыс қарқыны одан кем болмайды дейді ол. Зауытта 25 адам жұмыс істейді.

Аудан әкімі Марат Сағынбектің сөзіне қарағанда, бүгінгі күнде ауданда 30 мыңдай өнім жүгері өңдеу кәсіпорнына өткізілген. Шаруалар өнімдерін негізінен Жаркент крахмал-сірне зауытына тапсырады. Ал жалпы ауданда 4 мыңға жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысып отыр.

– Әлемдік нарықтағы бағаларға сәйкес бүгінгі күні жүгері ылғалдық деңгейіне қарай 70-80 теңгенің арасында бағалануда. Бұл өткен жылғы құнынан едіәуір төмен. Сондықтан біз қазір жүгеріні белгілі бір көлемде Қытай нарығына да лайықты бағада өткізу туралы келісімдер жасауды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Марат Сағымбек. Бұл ретте ол жүгері өсірушілерге зауытқа өткізген өнімінің әр тоннасына 6 мың теңгеден субсидия беріліп отырғанын да атап өтті.


Жалпы биыл Жетісу облысы көлемінде 57 мың гектарға жүгері себілсе, соның 47% Панфилов ауданының үлесінде. Бүгінгі күнге жетісулық шаруалар 32,3 мың гектарды жинап алды. Облыс көлемінде жүгерінің орташа шығымы 63,3 центнерден айналса, бұл көрсеткіш Панфилов ауданында 66,1 центнерден келіп отыр.  Панфилов аудандық әкімдігінің мәліметінше, аудан биыл 180 мың тонна жүгері жинауды жоспарланып отыр. Мұнда әзірге жүгері алқабының 13,2 мың гектары жиналған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар