Жетісу облысындағы Мұсабек ауылына газ келді

Dalanews 31 қаз. 2023 11:57 1351

Бүгін Жетісу облысы Мұсабек ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл – Көксу ауданында газ құбыры тартылған сегізінші ауыл, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұсабек ауылында газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын тартуға 523 миллион 827 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС атқарды.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Газ құбырының ұзындығы 46,7 шақырым, соның 15,5 шақырымы жоғарғы қысымды, 31,2 шақырымы төменгі қысымды.

Сол сияқты 4 дана шкафтық типтегі газ тарату стансысы орнатылды. Жалпы бұл ауылда 1806 тұрғын бар, абонент саны – 178.

Газ алауын жағу салтанатты рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары атқарылған іске ризашылықтарын білдірді. Ауыл тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Алтыншаш Мұташева:

– Осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Мұнда 1969 жылдан бері тұрамын. Алты балам бар. Жылқы бақтық, қой бақтық, ұзақ жыл малда болдық. Ауылға түбегейлі тұрақтағанымызға он жылдай болды. Қазір жасым 73-те. От жағып, күл шығарған оңай емес. Газ келгенінен қуанып жатырмыз. Құрылыс жұмыстарында ер азаматтар күннің ыстығына да, суығына да қарамай жұмыс істеді. Үйіме газдың нүктесін, есептегіш құралын мердігер компания тегін орнатып берді. Азаматтардың бәріне де көп рахмет айтамын, – деді көп балалы ана.


Көксу аудандық әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін Балпық би, Теректі, Мұқыры, Еңбекші, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдарына газ құбыры тартылып, 5 мыңнан астам абонент газға қосылуға мүмкіндік алса, соның 2700-ден астамы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

Көксу ауданында газға қосылуға жататын 12 ауыл бар, олар жоспар бойынша келесі жылдың соңына дейін толық қосылып бітуі тиіс.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылады. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100%-ға жетеді немесе 192 елді мекен қамтылады деп межеленіп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар