Тоқаевтың банктерге қатысты тапсырмасы: 400 млрд теңге мерзімінен бұрын қайтарылған

Сағыныш Сардарова 04 ақп. 2025 16:43 486

Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәдина Әбілқасымова қаржы нарығын дамыту саласының былтырғы қорытындылары туралы есеп берді; банк секторында тұрақтылық сақталып тұрғаны жөнінде баяндады:

– 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өскен;

– экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайған;

– банктердің жұмыс істемейтін активтері – 3,1 пайыздан төмен деңгейде;

– агенттік 21 банкке жыл сайынғы қадағалау-бағалау жұмыстарын аяқтаған.

Сондай-ақ 11 банктің активі сапалық тұрғыдан бағаланып, стресс-тестілеу жүргізілген. Аталған шара банк жүйесі активтерінің 85 пайызын қамтыған. Бұған қоса, 400 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылған.

Мәдина Әбілқасымова стрестік активтер нарығын дамытуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданып, осы тектес активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа іске қосылғанын айтты. Бәсекелестікті күшейту үшін банк секторына Оңтүстік Кореядан, Қатар Мемлекетінен және Біріккен Араб Әмірліктерінен шетелдік банктер тартылған.

Ол нақты сектор мен бизнес субъектілерін несиелеу туралы мәлімет берді:

– 2024 жылы бизнеске берілген кредиттер 16,3 пайызға немесе 13,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Бұл ретте бизнеске 18,2 триллион теңге сомасына жаңа займдар берілген;

– Президенттің халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы маусымда кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң қабылданған;

– 614 мың азаматтың 210 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегі қайта құрылымдалып, ішінара немесе толық кешірілген.

Мәдина Әбілқасымова азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында заңнамалық түзетулердің жаңа топтамасы әзірленгенін жеткізді;  осылайша сақтандыру нарығын цифрландыру нәтижесін таныстырды:

– азаматтардың тұрғын үйлерін апат тәуекелдерінен міндетті сақтандыру моделі әзірленген;

– кредиттік рейтинг агенттіктері туралы, Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы заң жобалары дайындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты секторды кредиттеу аясын одан әрі кеңейту, қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге қатысты тапсырма берді.

"2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын. Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді", - деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар