Шолақ белсенді: "Әкім тайып жығылса қайтесің..."

Dalanews 19 қаң. 2015 06:04 1942

Жағымпаздық туралы көп естиміз. Бірақ бетпе бет келген кезім аз екен. Жуырда дәм тартып бір үлкен шараға қатыстым. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Бір облыс әкімі келді әлгі жиынға. Айтайын деген әңгімем со кісіге байланысты.
Әкім ішке кіруден бес минут бұрын аяқ астынан «тазалау» шарасы басталды. Алдымен ақжағалының шабармандары залға алақ-жұлақ етіп кірді. Өң-түсіне қарасаңыз, бейне жаналғыш сияқты: көрдей қараңғы, тастай суық. Ішті көзімен шолып, тесік-тесікке дейін тінтіп жатыр. Біз әлгі екі шабарманның қылығын түсінбей қарап тұрмыз. Сонан соң «тінту» жұмыстарын бітірген олар сырттағыларға хабар берді. Сол-ақ екен есіктен қап-қара кастюм-шалбар киген үш-төртеу сау ете қалды. Сонда ғана түсіндік. Әкім келе жатыр екен...
Неге екенін білмеймін, сол сәтте әкімді қатты аяп кеттім. Қасындағы «жаналғыштар» жолды «тазалап», біз сияқты тірі әкімнің қолын ұстағысы келетін жігіттерді қидай сыпырып, көкемізді ешкіммен амандастырмай, сахнаға қарай сүйреп барады. Әкім байқұс тілшілермен жүзбе жүз жолығып, бір-екі ауыз тілдескісі келді-ау деймін. Бізге қиыла қарап, ұзатылған қыздай амалсыз кетіп барады. ..
Әңгіме сонымен тынған жоқ. Әкім сахнадан түсерде де қызық болды. Әлгі шолақ белсенділер тағы да абыр-сабыр болып кетті. Біреуі көкеміздің сахнадан аман-есен түскеніне көз жеткізу үшін үсті-басын бір сыйпап шықты (анығы – алақанымен кастюміне қонған қыл-қыбырды ақырын қағып жатыр). Екіншісі жол «аршып» әлек. Үшіншісі камера көтерген операторлардың жарығын жауып жатқаны. Төртіншісі шығаберістегі есікті айқара ашып тұр.
Әкім көкем біздің тұстан өте бергенде, бір сылбыр тілшінің қағаз-қаламы жерге түсіп кеткені. Соны әлгі саққұлақтың біреуі байқап қалыпты. Ұшқан құстай келді де жердегі бір жапырақ қағаз бен қаламсапты бомба көргендей, аса тез жылдамдықпен, аса сақтықпен көтеріп алды. Сөйтті де қасымда тұрған тілшіге қадалып тұрып: «Мынаған әкім тайып жығылса, қайтесің. Осы үшін жауап бересің. Сенімен кейін сөйлесеміз» - деп сұрланып кетті.
–Мыналар жан ала ма? - дейді есі шыққан әлгі әріптесім.
–Бастығына жан керек болса... алуы мүмкін, – дедім сыбырлап.

Жарас кемал2 - копия (2)Жарас КЕМЕЛЖАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар