Бұдан былай шаруалар АӨК субъектілерінің несиелеуге өз құжаттарын нақты уақыт режимінде қолайлы қызмет арқылы бере алады. Несие өтінімдерін жинақтау және өңдеу ісі толықтай автоматтандырылды. Әлеуетті қарыз алушы несие немесе лизинг алу үшін өтінімдерін холдингтің несиелеуші компанияларының кеңселеріне бармай-ақ, мемлекеттік және орыс тілдерінде өтінім беру мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл өз кезегінде шаруаның уақыт пен қаржы шығындарын біршама қысқартады.
Бұдан басқа, бұл жаңалық фермерге өзінің «жеке кабинеті» арқылы өтінімдерді қарастыру процессін қадағалауға, кері байланыс алуға мүмкіндік береді.
«ҚазАгроның» мамандарының айтуынша, енгізілген жүйе қызмет көрсету үрдісінің ыңғайлылығы мен ашықтығын қамтамасыз етіп қоймай, сонымен бірге бюрократиялық рәсімдерді азайтады және сыбайлас жемқорлық факторларының туындау мүмкіндігін болдырмайды.
Электрондық форматтағы несие өтінімдерін беру үш қадамнан тұрады. Клиент «ҚазАгро» ұлттық холдингінің интернет-порталында мақсат пен бағдарламаны таңдайды, құқығын белгілейтін құжаттарды бекітеді, несиелеудің таңдалған параметрлерін тексереді және жөнелтеді, содан кейін қалыптастырылған электрондық несие өтінімі тиісті еншілес ұйымға түседі. Несие өтінімін қарастыру нәтижелерін қарыз алушы холдингтің порталындағы «жеке кабинетте» бақылай алады. Бұдан басқа, несие менеджері «онлайн-режимінде» клиентке хабарлама жолдай алады және қажет болған жағдайда клиент несие өтінімін құжаттармен толықтыра алады.
Электрондық жүйені енгізу «ҚазАгроның» мамандарына электрондық форматтағы құжаттарды алуды автоматтандыруға, жобаларды қарастыру мерзімін азайтуға, аграрлардың «бір терезе» принципі бойынша қызмет көрсетуге ауысуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Фермерлерге көмек ретінде несие өтінімдерін жинақтау және өңдеу жүйесін қоланудың ыңғайлылығы үшін холдинг нұсқаулық-бейнеқұрал дайындады, оны «ҚазАгро» холдингінің интернет-порталынынан алуға болады.
Бұдан басқа, несие өтінімдерін жинақтау және өңдеу жүйесін дамыту шеңберінде, холдинг оның функциональдық мүмкіндіктерін кеңейту – кепілдік алуға өтінімдерді, ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға өтінімдерді беруді автоматтандыру, мемлекеттік органдар жүйелерімен біріктіру, АӨК барлық субъектілері үшін толық функциональдық call-орталықтарын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізеді.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі хабарлағандай, субсидиялаудың үш түрі бойынша (несие және лизинг бойынша мөлшерлеме, тыңайтқыштар, гербицидтер) қарастыру, мақұлдау және төлеуді қабылдау процестерін толық автоматтандыру аяқталды. 2018 жылы субсидияның қалған 51 түрі бойынша аяқтау жоспарланады. Бұл мемлекеттік қызмет алуды жеңілдетуге, мерзімін орташа 18 күннен 1 күнге дейін қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.