Алматы облысында Алмасбек Садырбай ісі бойынша тергеу аяқталды

Көркем Алдабергенова 06 қар. 2025 16:44

Алматы облысында Алмасбек Садырбай мен тағы алты адамға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Олар аса ірі көлемдегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және ұйымдасқан топқа қатысу баптары бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Kaztag агенттігіне сілтеме жасап. 

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, 20 маусымда ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Садырбай мен өзге тұлғаларға қатысты істі аяқтаған.

Айыптау Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-баптың 1-бөлігі және 262-баптың 1, 2-бөліктері бойынша қозғалған. Барлығы 27 эпизод тіркелген.

Іс материалдары 349 томнан тұрады: оның 182 томы – негізгі тергеу әрекеттері, ал 167 томы – құжат түріндегі айғақтар.

Прокуратура мәліметінше, 20 маусымнан 15 қыркүйекке дейін іс материалдарымен жәбірленуші тарап – төрт облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері танысқан.

Ал 15 қыркүйектен бастап күдіктілер мен олардың тоғыз қорғаушысы танысуға кіріскен.

"Тергеу изоляторында отырған Алмасбек Садырбай қазіргі уақытта 108 томмен танысып үлгерді. Қалған материалдармен танысу жалғасып жатыр, аяқталуы 2025 жылдың желтоқсан айының ортасына жоспарланған", – деп хабарлады прокуратура.

Еске салайық, 2024 жылдың 6 қарашасында Қаржы мониторингі агенттігі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбайға қатысты мәлімдеме таратқан болатын.

Онда ол 1,2 млрд теңге көлеміндегі ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқырды және алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар