Актөбе облысы Ырғыз ауданының Жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Бердалин пара алу фактісі бойынша 8,6 млн теңге айыппұлға кесілді, деп хабаралайды Dalanews.kz.
"HALYQSTAN" телеграм арнасының мәліметінше, қыркүйек айында Бердалин Нұрин ауылдық округінің қосалқы жер қорынан бір ай мерзімге шөп дайындау мақсатында жер учаскесін бөлуге көмектесу үшін шаруа Нұрдос Еркінғалиевтен 300 мың теңге алған.
Фермер аудан әкімдігіне ресми өтінішпен келген, алайда әңгіме барысында шенеуніктің пара алу ниеті туындаған. Ол “мәселені шешу” үшін ақша сұраған, ал кейін төленген сома Бердалиннің әйелі арқылы алынған. Ақша берілгеннен кейін Бердалин ұсталды.
Сотта шенеунік айыптарды мойындады, іс қарау жеңілдетілген тәртіпте жүргізілді. Соңында сот Бердалинге параның 30 еселенген мөлшерінде айыппұл салды. Ұсталған уақыт есепке алынғаннан кейін 346 мың теңге шегеріліп, айыппұл 8,6 млн теңгеге қысқартылды.
Сонымен қатар сот Бердалинге мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарды өмір бойына иеленуге тыйым салды. Пара сомасы мемлекет кірісіне тәркіленді.
