– Астана қаласы агломерациясына өзінің аумағынан басқа Ақмола облысына қарасты 123 ауылдық елді-мекен енген, олардың жалпы аумағы 21 770 км квадрат және осы жоба миллионнан астам адамның өмірінде өте маңызды тетік атқарады. Біз Астана тұрғындарын да және жақын маңдағы аудан тұрғындарын да алаңдатып отырған мәселелерді шешуде іс-әрекетті үйлестіруіміз керек. Бұл аумақтық жоспарлау, жер, көлік қатынасына байланысты т.б. сұрақтар. Сол себепті, қала және облыстың жауапты қызметтері жол картасын әзірлеуі керек, оған барлық сұрақтарды саралап, топтастырып, оған жауапты мекемелерді белгілеп, нақты мерзімін анықтап іске асыруға кірісуіміз керек, – деп атап өтті меморандумға қол қою барысында Астана әкімі Әсет Исекешев.
Сондай-ақ, меморандум индустриалды аймақтарды дамытуды, жобалау бойынша ұсыныстар құруды және іске асыруға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Ақмола облысының территориясына жататын, бірақ Астана қаласына жақын орналасқан (Шортанды, Жайнақ, Аршалы) аудандардың дамуына серпін беруі тиіс және де осы аудандарда көптеп жұмыс орындарын, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдар ашу. Аудандар бәсекеге қабілетті және тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғары көпфункционалды аумақ құруға бағытталған, өмір сүру үшін тартымды және көші-қон ағындарын Астанадан өздеріне тартатын болады. Сөйтіп аудандар Астана маңайында ауылдардың ретсіз етек жаюына тосқауыл болуы тиіс. Сонымен қатар, екі жақ Астана маңындағы ауылдарды дамытуда инфраструктураны, қоғамдық көлік қатынасын және т.б. сұрақтарды шешуде нақты жоспар құруға келісті.
– Бүгінгі меморандумның Астана қаласы мен Ақмола облысының тұрғындарына қажет екенінде күмән жоқ. Ең бастысы біз екі аймақ арасында туындап отырған мәселелерді құқықтық база аясында шешуге және болашақта осы проблемалар қайта туындамау үшін әрекет етудеміз, – деді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин.