Сауд Арабиясының 29 жастағы ханзадасы Лондондағы қонақүйден өлі табылды

Сауд Арабиясының 29 жастағы ханзадасы Лондондағы қонақүйден өлі табылды
Көрнекі фото: depositphotos.com

Сауд Арабиясы корольдік әулетінің өкілі, 29 жастағы ханзада Абдулла бен Фахад бен Абдулла бен Абдулазиз бен Джалауи әл-Сауд Лондондағы элиталық қонақүйлердің бірінен өлі табылған. Бұл туралы британиялық The Telegraph басылымы хабарлады.

Ханзаданың мәйіті 2025 жылғы 25 қарашада Лондонның батысындағы Кенсингтон ауданында орналасқан Marriott қонақүйінің жуынатын бөлмесінен табылған. Алайда оқиға туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше айдан кейін ғана жарияланды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның қанындағы алкоголь мөлшері Ұлыбританияда көлік жүргізушілеріне рұқсат етілген шектен шамамен үш есе жоғары болған. Сонымен қатар оның ағзасынан гамма-гидроксибутират, каннабис және ксанакс препаратының іздері анықталған.

Мамандар ханзаданың созылмалы аурулары болмағанын мәлімдеді. Алдын ала қорытынды бойынша, оның өліміне алкоголь мен есірткі заттарының ағзаға қатар әсер етуінен болған жүрек тоқтауы себеп болуы мүмкін.

Белгілі болғандай, қайтыс боларынан үш ай бұрын ханзада Лондондағы жекеменшік клиникалардың бірінде емделген. Ол алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен арылуға арналған терапия курсынан өткен.

Абдулла бен Фахад Сауд Арабиясы королінің алыс туысы саналған.