Дағыстанда үйлену тойында басталған жанжал адам өлімімен аяқталды. 24 жастағы жігіт бірнеше жерінен пышақ жарақатын алып, ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға Сүлейман-Сталь ауданындағы Ашага-Стал-Казмаляр ауылының маңында болған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, 24 жастағы жігіт пен 27 жастағы ауыл тұрғыны бұған дейін таныстарының үйлену тойында сөзге келіп қалған. Кейін олар мәселені өзара шешу үшін қайта кездескен.
Алайда кездесу кезінде жанжал қайта өршіп, 27 жастағы күдікті қарсыласына бес рет пышақ сұққан.
Ауыр жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Күдікті ұсталып, тергеу материалдары Дағыстан бойынша Тергеу комитетіне жолданды.
Оқиғаға байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер жанжалдың нақты себебі мен қылмыстың барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде марқұмның дәл сол күні үйленген күйеу жігіт болғаны және шабуыл алғашқы неке түнінде жасалғаны туралы ақпарат тарады. Кейбір жазбаларда жанжалдың ақшаға байланысты шыққаны да айтылған.
Алайда бұл мәліметтерді құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ. Оқиғаның нақты себебі тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.