Италияның оңтүстігінде спорт журналисі Лука (Луиджи) Эспозито қаза тапты. Бұл туралы Еуропалық журналистер федерациясының сайты хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
53 жастағы журналистің өртенген денесі Салерно провинциясындағы Чиоффи елді мекеніне жақын ауыл шаруашылығы алқабынан табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, Эспозитоға оқ атылып, кейін денесі өртелген.
Марқұмның жеке басы оқиға орнында қалған автокөлігі арқылы анықталды. Қазіргі уақытта істі Салерно прокуратурасы тергеп жатыр. Қылмыстың нақты себебі әзірге белгісіз.
Лука Эспозито штаттан тыс спорт журналисі болып жұмыс істеген. Ол La Città di Salerno газетімен және Otto Channel телеарнасымен әріптестік орнатқан. Сонымен қатар Tuttosalernitana.com сайтының бас редакторы болған.