Енді қазақстандықтар сот орындаушыларына мобильді қосымша арқылы шағымдана алады

Қаракөз Амантай 06 қар. 2025 16:09

Қазақстанда енді сот орындаушыларына мобильді қосымша арқылы шағымдануға болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"AdiletGov мобильді қосымшасы іске қосылған сәттен бастап 2,5 мыңнан астам азамат сот орындаушыларына жүгініп, атқарушылық іс жүргізу аясында өз мәселелерін шешті. AdiletGov қосымшасы атқарушылық өндірістің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында ҚР Әділет министрлігі мен ЖСОРП бірлесіп әзірлеген. Қосымша арқылы азаматтар атқарушылық іс жүргізудің барысын бақылап, сот орындаушысы қабылдаған шаралармен таныса алады, өтініштер мен шағымдар жолдайды, сондай-ақ олардың қаралу мәртебесін қадағалай алады", - делінген Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының хабарламасында.

Мәліметке сүйенсек, пайдаланушылар нақты уақыт режимінде сот орындаушысы қандай процессуалдық әрекеттер жасағанын көре алады.

"Егер ешқандай әрекет жасалмаса, қолданушы тиісті шара қабылдау қажеттігі жөнінде өтініш жолдай алады және бес жұмыс күні ішінде жауап алады. Ал егер сот орындаушы белгіленген мерзімде жауап бермесе немесе тиісті әрекеттерді орындамаса, өтініш автоматты түрде өңірлік палата мен әділет департаментіне жолданады. AdiletGov қосымшасын Google Play және App Store платформаларынан жүктеп алуға болады", - деп нақтылады палата өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар