Ақмола облысында бұрынғы жұбайын өлтіруге оқталған ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында (ҚІЖМАС) С.-ға қатысты бұрынғы жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі).
Сотта күйеуі ас үй пышағын алып, бұрынғы жұбайының жұмыс орнына сөйлесу мақсатында келгені анықталды.
Сөйлесу барысында жанжал туындаған. Әйелі дәретхана бөлмесіне кеткен кезде, күйеуі оның артынан барып, пышақпен арқасынан ұрған. Кейін әйел қашып, басқа бөлмеге кіргенде, күйеуі оны қуып жетіп тағы да бірнеше рет пышақ сұққан. Сыртқа қашып шыққан әйелін көшеде тағы да қуып жетіп, денесіне бірнеше пышақ жарақатын салған. Барлығы 9 пышақ жарақаты анықталған.
Көшеде күйеуін куәгер азаматтар ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша, күйеуінің есірткіге тәуелді екені және емделуді қажет ететіні анықталды.
Сот отырысында күйеуі кісі өлтіруге оқталғанын мойындамай, бұрынғы жұбайын тек қорқытпақ болғанын түсіндірді.
Сот үкімі
Сот үкімімен күйеуі 10 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды, сондай-ақ жәбірленуші деп танылған әйелінің ауруханада емделуіне кеткен шығындарды өндіру туралы азаматтық талап қанағаттандырылды. Бұдан бөлек, сотталушыға жазасын өтеу орнында есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
