Ресей "протондарды" ұшыру мерзімін ұзартуға мүдделі

Сағыныш Сардарова 30 сәу. 2024 15:42 3664

Ресей үшін Байқоңыр ғарыш айлағының стратегиялық, коммерциялық маңызы өте жоғары. Осы орайда Ресей тарапы Қазақстаннан 2025 жылдан кейін де Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон" зымырандарын ұшыруға рұқсат сұрап отыр. Ал бұл экология үшін қауіпті саналатын улы отын құйылатын зымырандарды ұшыру дегенді білдіреді, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ресми деректерге сүйенсек, "Роскосмос" пен ресейлік Хруничев орталығы Қазақстанға 2025 жылдан кейін Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон" зымырандарын ұшыру мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгінген. Зымырандардың бұл түрін пайдалана беру Астананың арнайы келісімін талап етеді, өйткені "Протондарға" арналған отынның құрамында уыттылығы жоғары компоненттер бар.

"Хруничев орталығы мен "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы тарапынан ұсыныстар пысықталып, қазақстандық әріптестерімізге жолданды. "Байқоңыр" кешені бойынша бұл мәселені іске асыру жолдары Үкіметаралық комиссия шеңберінде іздестіріліп жатыр", - деді Алексей Варочко.

Деректерге сүйенсек, қазір әртүрлі дайындықтағы он "Протон-М" зымыран тасығышы бар. Бұл зымырандар Ресей Федерациясының ғарыштық бағдарламасының міндеттерін орындау үшін де, коммерциялық мақсатта да қолданылған. Алайда Ресейдің Украинаға қарсы соғыс қимылдары басталғаннан кейін кейбір тапсырыс берушілер Роскосмоспен ынтымақтастықты тоқтатқан, ал бұл зымырандардың бір бөлігі сұраныссыз қалуына әкеп соқты.

Осыған байланысты Роскосмос "Протондарды" қолданудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып отыр деген ақпарат бар. Байқоңыр ғарыш айлағынан бұл зымырандарды ұшыруды тоқтату туралы Қазақстанмен арада жасалған келісімге қарамастан, 2025 жылдан кейін де оларды ұшыруға деген қызығушылық қалған зымырандарды пайдалану жолдарын табу қажет екенін көрсетіп отыр.

"Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон" зымырандарын ұшыру Ресей мен Қазақстан арасында қызу пікірталас тақырыбына айналып отыр. Оған қоса зымырандарда отынның аса улы құрамдас бөлігі - гептил пайдаланылуы мәселені тіпті ушықтырып отыр. Бұл зат қоршаған ортаға да, адам денсаулығына да аса үлкен қауіп төндіреді", - деп жазылған мәліметте.

2023 жылы "Роскосмос" пен "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей кәсіпорны арасында түсініспеушілік туындаған. Мәселе "Протондарды" ауыстырады деп болжанған "Союз-5" зымыранының экологиялық әсерін бағалауға байланысты берешектен шыққан.

Ал "Протондарды" өндіретін Хруничев орталығы 2025 жылдан кейін де бұл зымырандарды ұшыруда Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар