– Таяуда Ереваннан оралдыңыз ғой. Ондағы«Евразия апталығы» форумында Қазақстанға сор боп тұрған Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі талқыланды. Бұл одақтан зиян көп. Мысалы, жаздың соңынан бастап теңге құнсызданды. Оны да сарапшылар Ресейге қарсы бағытталған санкциямен, рубльдің жайымен байланыстырады. Шынында да Қазақстан мүше болғалы осы одақтан тек шығын көріп, теперішке ұшырап жатқаны рас па?
– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуда Қазақстан қандай пайдаға кеңеліп, қандай шығынға ұшырады дегенді бағалау үшін, ең алдымен, евразиялық интеграциялық жобаның қандай мақсатта құрылғанын бір еске түсіріп алған жөн. Еуразиялық экономикалық одақ Келісімінде мұндағы басқосудың мақсаты айқын көрсетілген. Одаққа мүше мемлекеттердің халқының жақсы өмір сүруі үшін, өмір сүру сапасын көтеру үшін экономиканы тұрақты дамытуға жағдай жасау деп!
Алайда, дипломатия тілімен айтқанда, қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігін толықтай пайдалану бізге мүлде мүмкін болмады. Әрине, одақ туралы ой қорыту үшін үш жыл аздық етеді. Алайда осы одаққа мүше болған үш жыл ішінде қазақстандықтардың өмір сүру сапасы жақсармақ түгілі, керісінше құлдырап кетті. Өйткені Ресейдің экономикалық қиындығы бірыңғай экономикалық кеңістікте бір болғандықтан, еш кедергісіз одаққа мүше мемлекеттердің экономикасында да айна қатесіз көшірмеленіп, қайталанып жатты.
Мысалы, 2014 жылы желтоқсанда Ресейде қатты девальвация болды, содан көп кешікпей теңге де құнсызданды. Неге? Өйткені рубльмен арада көп алшақтық болды. Бұл бағаларға әсер етіп, қазақстандық тауар өндірушілер одан қатты зардап шекті. Тауар алуға қазақстандықтар Ресейге ағылды. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасы да, тәжірибесінде де мұндай жағдайда нарықтарды қорғаудың нақты шаралары қарастырылмаған.
Негізі, теориялық тұрғыда Қазақстанда девальвация жасап қажеті де жоқ еді.
Ол үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесі мен ЕАЭО келісімінің 29-бабына сәйкес, емін-еркін сауда режимін доғарып, белгілі бір тауарлардың біздің нарыққа қойылуына шектеу қойсақ болатын еді. Осыны негізге алып, Қазақстан Ресейге ұсыныс та жасады. Бірақ оны олар көзіне ілмеді. Содан соң не істейді? Еріксіз девальвацияға жүгінді Қазақстан.
Атап айтқанда, 2015-2016 жылдары. Салдарынан Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші 12,8 мың доллардан 7,7 мың долларға бір-ақ (!) төмендеді.
Оны айтасыз, сарапшылар мәселе көтеріп, Ұлттық банк саясатын қазір қатты сынап жатыр. Өйткені орталық банк ақша бағамын рубльге байлап қойған. Мұны Данияр Ақышевтің өзі мойындады. Неге десе, осы одаққа мүшелігімізді алға тартады. Оның зардабын қатты шегіп жатырмыз. Арыға бармай-ақ қоялық, осы биылғы тамыз-қыркүйек айларындағы жағдай оған куә. Жаңа санкцияға байланысты Ресейдің ақшасы соңғы екі жылдағы ең төменгі шекке дейін құлдырады. Сол-ақ екен теңге де „ кетті„ дейсіз: 370-380 теңгеге дейін барды доллардың бағамы.
Рубльдің тұрақсыздығы, теңгені рубль бағамына байлап қою Қазақстанның іскерлік белсенділігі мен инвестициясына да кері әсер етуде. Халық қорқып қалды.
Девальвация мен инфляциядан көз ашпай қалдық. Сауда жасау мүмкін болмай қалды. Іскер адамдардың өзі абдырап қалды. Өйткені баға қалай боп кететінін қазір ешкім болжай алмайды. Шығынға батып қалам ба деп қорқады кәсіпкерлер. Теңгенің әлі құнсыздана беретінін ел іштей сезіп отыр.
Мұның бәрі ненің салдары деп ойлайсыз?
Біз ЕАЭО деп аталатын бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы Ресей мен халықаралық қауымдастық арасындағы кикілжіңді өз экономикамызға тасымалдайтын алып канал құрып алдық. Енді отырмыз, басымызды ұстап...
– Бұл одақтағы инвестиция үшін бәсекелестік Қазақстанның даму сапасын жақсартады деп айтылды емес пе? Қалай өзі, Қазақстан салық жағынан артықшылығын, Doing Business рейтингіндегі жоғары позициясын тиімді пайдалана алды ма бұл одақта?..
- Одақ қүрылған кезде, расында, шетелдік инвестиция мен кәсіпкерлік белсенділік үшін таза бәсекелестікті қалыптастырушы заңнама жұмыс істейді делінді. Қазақстан бұған қуанды. Өйткені, халқымыздың саны аз болғандықтан да көп шетелдік инвестор бізге ат басын бұра бермейтін.
Ал егер бұл одаққа қосылсақ, онда біздің нарықтың көрсеткіші 170 млн деп көрсетілетін болған. Иә, бұл туралы көп айтылды.
Оған қоса, расында Қазақстанның одаққа мүше мемлекеттерден бірқатар артықшылығы бар: салығымыз төмен, жекеменшік пен инвестордың құқығы да бізде жақсы қорғалады, қадағалаушылар да асыра сілтемейді, қатты қатал емес.
Міне, осының бәрін қосып жібергенде, Қазақстанға шетел инвестициясы ағылып, көптеп жаңа кәсіпорындар ашылуы тиіс еді. Алайда, әзірге мұның бәрі бізге арман боп қалуда.
С
ебебі ЕАЭО-дағы серіктестеріміз өздеріне өте тиімді, тарифке сай емес кедергілер орнатып қойды. Үш жыл өтсе де тарифке байланысты даулы мәселелер әлі де одақ талқысының күн тәртібінен түскен емес.
Қазақстанға қойылған шектеулерге байланысты мәселелердің көбісі әлі шешілген жоқ. Мысалы, Қазақстанның кәсіпкерлері Ресей мен Беларусьтың алкоголь нарығына емін-еркін шыға алмайды. Бұл ретте қолымыздан келгені - арадағы түсінбестіктерді талқылау туралы келісімге ғана келе алдық.
Сол секілді Ресейде ескі көліктер алымын енгізу қазақстандық көлік өндірісінің Ресей нарығына шығуына үлкен кедергі келтірді. Содан соң Қазақстан да еріксіз бұл алым түрін қолданысқа енгізуге мәжбүр болды.
Бұдан бөлек МДП кітапшасы бар жүктердің халықаралық тасымалы туралы кедендік конвенция да елеусіз қалды. Қазір қазақстандық жүк тасымалдаушылар кез келген бақылау бекетінен 100 процент қатаң тексеруден өткізіледі.
Тағы бір факті. Санкцияға қарсы шараларға байланысты Ресей территориясы арқылы Еуропалық одақ пен Украинаның тауарларының тасымалдануына қатаң тыйым салынды. Мәскеу Ресейдің қарымта санкцияларын Қазақстан мен Беларусь қолдай кетеді деп дәмеленген.
Алайда Астана мен Минскі бұл ретте нейтраль позиция ұстанатынын айқын айтты. Әрине, бұл Ресейдің шымбайына батып кетті. Олар қарап қалмады.
2015-2016 жылдар бойына қазақстандық жүк көліктерді қатаң бақылауға алып, бір-бірлеп әбден тексеріп, естерін шығарды. Ресейлік санкцияға ілінген тауарларды іздеген боп. Кейін бұл шиеленісті жағдай реттелгендей болды, бірақ оның салдары мен зияны бадырайып көрініп қалып жатты.
Бір жағынан, Россельхознадзор да қатты шүйлікті. Ол Қазақстаннан тасымалданатын мал және өсімдік өнімдеріне ұдайы шектеу енгізіп отыр. Мысалы, биыл қыркүйекте олар 2018 жылдың 1-қазанынан бастап Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдеріне тыйым салынғанын мәлімдеді. Үкімет аяғынан тік тұрды. Бұл даулы мәселені реттеуге бел шеше кірісті. Оны шешкендей болған еді. Көп ұзамады.
Таяуда Ресейдің қадағалаушы органы ЕАЭО мен Ресейдің ветеринария-санитарлық талаптарын бұзды деген желеумен 3 қазақстандық кәсіпорынның мал шаруашылығы өнімдерін тасымалына қатысты ветеринарлық және санитарлық бақылауды күшейтті.
Қыркүйек айында Ресей шекарасынан Қазақстанның 15 тонна картоп пен 40 тонна қауын тиеген 3 көлігін кері қайтарып жіберген. Сөйтсе бұл өнімдер РФ-ға экспортталатын тауарлар тізімінде жоқ көрінеді. Осылай деді олар бізге. Алайда Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрі Ресейдің фитосанитарлық және ветеринарлық қадағалау бойынша бұл іс-әрекеттерінің заңсыздығын дәлелдеді.
Бұл жағдайда Қазақстан да қарап қалғысы келмеді. Тура өздерінің істегенін істеді. Сөйтіп кеденде ресейлік ауылшаруашылығы өнімдеріне деген бақылауды күшейтті. Кейбір ресейлік кәсіпорынның тауарларының бізге тасымалдануына тыйым салды.
Ақырында Еуразиялық экономикалық комиссияның тәжірибелі министрлерінің өзі мойындады ғой. ЕАЭО ішінде тауарлар бұл бірлестік құрылғанға дейін әлдеқайда емін-еркін тасымалданғанын. Көрдіңіз бе?
Міне, соған қарамастан Ресей тарапы ЕАЭО үшін дағдарысқа қарсы тиімді стратегия жоғары деңгейдегі интеграция мен тұтастық болуы тиіс деп дігірлеуден ешжалықпайды. Ал өздері болса, соған басты кедергі болуда. Мұны елеп отырған олар жоқ.
– Ресей өзін санкциямен төпелеп жатқандарға бірге қарсы тұрайық деді. Одан соң өзара сауда-саттықта доллардан бас тартайық деді. Ақыры ЕАЭО-ның бірыңғай валютасын қолданысқа енгізейік деді. Ал бұл дегеніңіз экономикалық одақты саясиға айналдыру емес пе? Қазақстан бұл ретте өзін қалай ұстайды?..
- Рас, Қазақстан үшін ЕАЭО тек экономикалық одақ, ешқандай саяси интеграцияларды қамтымайды. Бұл одан әрі талқыланбайтын жайт. Елбасы осы аптада ғана Қазақстанның позициясын айқындап, нығырлап айтты. Біздің еліміз басқа елдерге қарсы тұру үшін қандай да бір блокқа қатысып, ешкіммен тізе біріктірмейді деді. Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанады. Ол ұлттық мүддені алға тартуда прагматизмге, күштер тепе-теңдігіне, өзара пайдаға негізделеді.
Осы жолғы Жолдауында да Елбасы прагматизм қағидаттары бойынша ұлттық мүддені бейімдеп, оны жылжыту қажеттігін баса айтты.
Бұл арадағы прагматизмді былай түсіндіруге болады:
біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізге сүйенеміз, ал басқа әріптес елдермен қарым-қатынасымызда оны қатты насихаттап, идеологияға айналдырмаймыз. Яғни, бөтен елге өз мүддемізді танбаймыз.
Иә, Ресей біздің досымыз әрі серіктес еліміз. Бірақ біз басқа достарымыз бен серіктестеріміздің бетін қағып, олармен дос бола алмаймыз.
Біздің АҚШ-та өз мүддеміз бар, еуропалық елдермен, Қытаймен, сол секілді Ресейге қатысты өз мүддеміз бар. Қазақстанның сыртқы саясаты, әу бастан, осылай құрылған, алда да солай бола береді. Оның жемісіне ешкім күмән келтіре қоймас. Оның үстіне Қазақстан экономикасының дамуына серпін беруші еуропалық және америкалық инвестициялар, мұнай экспорты екенін жадымыздан шығармауымыз керек.
Ресей экономикасынан, ЕАЭО-ға мүшелігіміз, осы одақ бойынша әріптес елдермен арадағы экономикалық байланыстан ондай орасан зор пайда жоқ бізге.
Цифрларға жүгінсек, мысалы, 2005 жылы Қазақстанға тікелей ағылған шетел инвестицияның көлемі 260 млрд доллардан асып түсті.
Атап айтқанда, 2005-2007 жылдарғы біздің экономикамызға ақша құйған ірі инвесторлар:
Нидерланды - 78 млрд доллар, АҚШ – 31 млрд доллар, Швейцария - 21 млрд доллар, Китай - 16 млрд доллар, Франция – 14 млрд доллар, Ұлыбритания (13 млрд доллар) сынды елдер болды.
Міне, осыдан кейін барып Ресей тұрды.
2005 жылы Ресей Қазақстанға 11,7 млрд доллар инвестиция салып, жетінші орында болған.
Бұл арада тікелей шетел инвестициясының жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша Қазақстан Ресейден әлдеқайда алда екенін де баса айта кету керек. 4,7 есе алдамыздан олардан.
Біз сауда-саттық әріптестігін сөз етсек те Ресей біз үшін ең басты нарық деп тағы айта алмаймыз.
Ресейдің импорты қазақстандық импорттың жалпы көлемінің 40 процентін құрайды. Алайда біз үшін импорттаушы емес, тауарымызды өткізетін экпорттаушы нарық әлдеқайда маңызды.
Ал Қазақстанның экспортқа шығаратын басты тауары – шикі мұнай (26,6 млрд доллар).
Оны Италияға, Голландияға, Францияға, Швейцарияға, Испанияға тасымалдаймыз.
Одан соң бидайымыз бар (661 млн доллар). Оны Өзбекстан, Тәжікстан, Италия, Қытай және Ауғанстан елдеріне жөнелтеміз. Мыс (2,3 млрд доллар) Қытая, Түркия, БАӘ, Ұлыбританияға кетеді.
Темір орамаларды (1,5 млрд доллар) Иран, Өзбекстан, содан соң Ресей сатып алады. Онда да Ресейге көп жөнелтпейміз. Ал Қазақстан, керісінше Ресей үшін тауарын өткізетін ең маңызды әрі сапалы нарық.
Енді салық жайына тоқталалық.
Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші компания – Американікі. Салық төлемінің көлемі мен жауапкершілігі бойынша былтырғы жылы «Теңізшевройл» абсолютті көшбастаушы компания боп табылды.
Бұл компаниядан 5 млрд доллар салық түрінде бюджетке, Ұлттық қорға табыс түскен. Бұл Қазақстандағы салық табысының 20 процентін құрайтын көлем.
Соңғы кездері Ресей нарығы қазақстандық бизнес үшін өзінің тартымдылығын жойып барады. Өйткені санкциялардан соң Ресей экономикасы бәсеңсіп, өсуін доғарған. Халқында басы артық ақша жоқ. Тұтынушылық қабілеті төмен. Осы жайт біздікілерді қатты алаңдатады.
Ал біз ЕАЭО-ға енгенде, тіпті басқа нәрсені күткен едік қой. Ресейдің бай, үлкен әрі өсімі жоғары нарығына бас сұққалы жатырмыз деп қуанған ек. Бірақ бұл үміт ақталмады.
Экономикалық даму министрлігінің дерегінше, 2018 жылдың қортындысы бойынша Ресейдің жалпы ішкі өсімінің деңгейі 1,8 процентті құрамақ. Ал 2019 жылы, тіпті минусқа кіреді деп болжанып жатыр: -1,3 процент (!).
Оның үстіне Ресей қазір «импортозамещениеге» көшіп жатыр, яғни ішкі нарықтағы шетел тауарларының орнын отандық тауарлармен жаппақшы. Соған басымдық беріп жатыр. Сәйкесінше, нарықтың аясы тарыла түсуде.
Қазақстанның да ЕАЭО елдерімен арадағы өзара сауда-саттық көлемі де қысқарды.
Егер статистикаға жүгінетін болсақ, 2017 жылы Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 2010 жылғысына қарағанда, яғни бұл одаққа Армения мен Қырғыз Республикасының қосылғанына қарамастан 6 процентке қысқарған, ал экспорт көлемі 12 процентке төмендеп кеткен.
2011 және 2017 жылдар аралағындағы Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорттаған минеральды өнімдер тасымалының 2,5 млрд долларға, автокөлік, көлік құрал-жабдықтары, саймандары тасымалының 115 млн долларға қысқарғанын көруге болады.
Өсім тек тамақ пен ауылшаруашылығы шикізаты экспортында байқалады. Ол 369 млн долларды құраған. Ал Ресейден Қазақстан, негізінен, отын минеральдары (26,9%), автокөлік пен оған қажетті жабдық-саймандар (15%), қара меттал мен содан жасалған бұйымдар (12,3%) сатып алады. Осы жағынан алғанда, қазақстандық кәсіпкерлердің интеграцияның арқасында пайда табамыз деген үміті ақталмады.
- Ортақ валюта туралы айтпадыңыз ғой. Әсіресе, бұл Ресей сарапшылардың жақсы көретін әрі жиі айтатын тақырыбы...
- Бірыңғай валюта Қазақстан үшін жат нәрсе.
Бұл ешқашан болмайтын нәрсе, өйткен жағдайда Қазақстан ең құнды құндылығы - өз тәуелсіздігінен айырылады.
Сондықтан бәріне ескертіп, өтініш жасаймын, бұл тақырыпты қозғамаңыздар. Әсіресе, Петр Владимирович Своик пен бүйректен сирақ шығарып, болжам жасауды жақсы көретін кейбір қазақстандық «футуролог» мырзаларға айтамын мұны – Қойыңыздар!
Бірыңғай валюта құру туралы кез келген әңгімеге тыйым саламын. Мұның бәрі, негізі, посткеңестік кеңістікті қайтадан кеңестендіруді армандайтын жекелеген сарапшы мен маригинал саясаткерлердің құрғақ қиялы.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысы өзінің егемендігінен оңайшылықпен бас тартпайды. Егер қандай да бір саясаткер осындай шешім қабылдаңдар деп белден басатын болса, онда бұл Қазақстанда үлкен наразылық туғызады.
Сондықтан осыны өте жақсы түсініп, мұндайдың ешқашан болмайтынын осы форумда нығырлап айтқан Евразиялық экономикалық комиссия министрі Татьяна Валоваға және өзге де жекелеген ресейлік әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді.
Қазір 2019 жылы ЕАЭО-ның ортақ электроэнергетикалық нарығын құру, ал 2025 жылға қарай ортақ қаржы нарығын құру (орталығы Алматы болады делінген), одан соң газ, мұнай және мұнай өнімдері бойынша ортақ нарық құру туралы алға міндеттер қойылып жатыр. Алайда, ойлап қарайықшы, шынымен де қазір осындай ортақ нарықтарды құруға бізде қажеттіліктер бар ма? Біз оған дайынбыз ба өзі?
Қазірдің өзінде біз тауар мен қызметтің ортақ тиімді нарығын құра алмаудамыз. Жаңа айттым ғой, тарифтерге байланысты дауды, кедендегі шектеулерді....
Меніңше, тараптар мүдделі болып тұрғанда ғана экономикалық мүдделері сәйкес келіп жатқанда ғана сол бір салаларда ортақ нарық құруға болады. Ол үшін мемлекеттердің нарықтар бойынша ұстанымдарын айқындап алу керек. Онда да оны нақты бір отандық компанияның, нақты бір саланың, ең бастысы, азаматтардың мүддесі тұрғысында айқындау қажет.
Мысалы, Ресей нарығына қазақстандық ауылшаруашылығы тауарларын шығармай жатыр ғой. Міне, солардың артында салалық лобби тұруы да мүмкін.
Демек, олар ауылшаруашылығы саласында ортақ нарық құруға қарсы.
Осы жағынан алғанда, бизнес субъектілері, жаңағы атап өткен, электр энергиясы, қаржы, газ, мұнай және мұнай өнімдері бойынша ортақ нарық құруға мүдделі болса, әрі ол мүдде біздікімен сәйкес кеп жатса, онда оларды құру керек. Бұл арадағы шешім мен бастамалар жоғарыдан емес, керісінше төменннен бастау алуы тиіс.
Шынын айтқанда, ортақ нарық дегенге ешкім де, ешқайысы да дайын емес. Иә, осы одақты құрған кездегі бастапқы қызу қандылықпен біреулер: «Интеграцияның ең жоғары шегін игерейік, электр энергиясы, қаржы, газ, мұнеай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құрайық» деп айтып қалса керек. Мен мұндай жоғары деңгейдегі интеграцияға әлдекім дайын дегенге сенбеймін. Әрине, айтуға оңай. Бірақ іс жүзінде жүзеге асыруды бір сәтке ойласақ, мұның қазір мүмкін емес екенін аңғару қиын емес.
Адамдар ЕАЭО тиімділігін аңғарып жатса, ол одаққа еш күмән келтірмес еді...
Сұхбаттасқан,
Жанар Төлендинова