Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы қызметкері Бауыржан Айымбетовке қатысты қылмыстық іс бойынша ұрланған қаржы көлемі 3,3 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сондай-ақ істе бұрынғы мәслихат депутаты Бекет Әбішев те күдікті ретінде танылған.
"Олар 3,3 млрд теңге көлеміндегі субсидияны жымқырды деген күдікке ілінді", – деді Бижанов.
Еске салайық, биыл сәуір айында Қаржы мониторингі агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді дамыту департаментінің бұрынғы басшысы Бауыржан Айымбетовтің ұсталғанын хабарлаған болатын.
Экс-шенеунік бюджет қаражатын жымқыру және заңсыз айналымға шығарумен айналысқан схемаға қатысы бар деген күдікке ілінген. Сол кезде келтірілген залал көлемі 1,5 млрд теңге деп бағаланған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2018–2022 жылдары Айымбетов Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидия алу кезінде алаяқтық схемаларға белсенді қатысқан.
Ол Бекет Әбішевпен бірге 29 шаруа қожалығының электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, элиталық таңқурай көшеттерін жеткізу туралы жалған құжаттар арқылы заңсыз субсидия алғаны анықталған.