Қазақстанда банкомат арқылы картаға салған ақша 500 мың теңгеден жоғары болса, онда оны жөнелтуші ЖСН-нін көрсетуге міндеттеледі. Ал ЖСН көрсетпесе, онда операция жүзеге асырылмай, банкомат ақшаны кері қайтарып береді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қолма-қол ақшаға айналдыру схемаларында банкоматтарды пайдалану өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қабылданған шараларға қарамастан, тиісті операциялардың көлемі өсуде. Бұл арада басты олқылық – ақшаны жіберуші мен алушының тиісті сәйкестендірусіз, анонимді түрде операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігі. Олар, көбінесе формальды түрде бөтен адамдарға тіркелген карталарды пайдалана отырып жүзеге асырылады", деп түсіндіреді Қайрат Бижанов.
Осындай қауіп-қатерді азайту үшін агенттік реттеуші органмен бірлесіп практикалық шешімдер кешенін әзірледі (2025 жылғы 18 шілдедегі комплаенс-қызметтер кеңесі).
"Біріншіден, 500 мың теңгеден астам сомаға картаны толтыру кезінде жөнелтушінің ЖСН-нін міндетті түрде көрсетуі талап етіледі (бұрын алушының ЖСН-ы ғана талап етілетін). Мобильді қосымша немесе SMS арқылы операцияны растау мүмкіндігі қосымша пысықталуда. Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардың бейнекамераларынан алынған жазбаларды кемінде 180 күн бойы сақтауға міндеттелмек, бұл күдікті операцияларға қатысушыларды анықтауға мүмкіндік береді", - деп нақтылайды ол.
Үшіншіден, биометриялық сәйкестендіруді – бетті немесе саусақ іздерін тануды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл шараларды жүзеге асыру анонимді транзакциялар үшін қосымша кедергі жасайды, деп санайды ҚМА.