Freedom Inside '26

Қызының қуанышына асыққан: белгілі айтыскер ақын жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты

Қызының қуанышына асыққан: белгілі айтыскер ақын жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты
Photo by Zaporizhzhia Regional Military Adm./Anadolu via Getty Images

Астана – Қостанай тасжолында болған ауыр жол апатынан белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов әлеуметтік желіде жеткізді. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар Астанадан таңғы сағат 04:00 шамасында жолға шыққан. Олар қызы Алтынайдың мектеп бітіру салтанатына асығып бара жатқан. Бүгін қызы қызыл аттестат алуы тиіс болған.

"Суық хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Жалған өмір-ай, десейші! Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол апатына түсіп, жұбайы Мырзабек Қасымов екеуі де қаза тапты", – деп жазды Марғұлан Оспанов.

Оның сөзінше, марқұмдардың жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңертең хабарласып, ата-анасынан айырылғанын айтқан.

"Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы сағат 9-да: "Аға, ата-анамнан айырылып қалдым", – деп хабарласты. Бүгін қызы Алтынайдың мектепті үздік бітіріп, қызыл аттестат алатын күні еді. Үлгереміз деп асықты ма екен, Астанадан таңғы сағат 4-те жолға шығып кетіпті. Атбасар мен Есілдің ортасында жол апаты болды", – деді ол.

Әріптестері Салтанат Өтелбаеваны ашық мінезді, мейірімді, парасатты жан ретінде еске алды. Ол ұзақ жылдар бойы Ыбырай Алтынсарин музейінде еңбек етіп, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға елеулі үлес қосқан.

Сондай-ақ оның жетекшілігімен музейде бірнеше ғылыми-зерттеу жобасы мен көрме ұйымдастырылғаны айтылды.