Павлодар қаласының тұрғыны сөмкесінде болған пауэрбанктің жарылуы салдарынан ауыр күйік алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 14 маусым күні болған. Диляра есімді қыздың айтуынша, бастапқыда сөмкесінен қою түтін шығып жатқанын байқамаған. Алайда көп ұзамай сөмке ішінен қатты жарылыс дауысы естілген.
Жарылыстан кейін жалын иығында ілулі тұрған сөмкені әп-сәтте шарпыған. Өрттің тез таралып жатқанын көрген қыз сөмкені жерге лақтырып, қауіпсіз жерге қашқан. Оған жақын маңдағы фитнес-орталық қызметкерлері көмекке келіп, өртті сөндіріп, жедел жәрдем шақырған.
Салдарынан қыздың шашы, қасы мен кірпігі күйіп қалған. Ең ауыр күйіктер пауэрбанк тұрған жақ бөлігінде байқалған. Сонымен қатар қолтық тұсы, екі қолының саусақтары, оң жақ білегі және іш тұсы да зардап шеккен.
«Алғашында жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінбедім, тіпті дәрігер шақырудың қажеті жоқ деп ойладым. Бірақ айнадан күйіп қалған шашымды көргенде қатты күйзеліске түстім», – дейді Диляра.
Оқиғадан кейін павлодарлық тұрғын азаматтарды портативті қуаттағыш құрылғыларды таңдауда және пайдалануда аса мұқият болуға шақырды.