Қазақстанда 9 банк жабылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл ретте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) «дәлелді себептер» бойынша өтемақы төлеуге өтінім қабылдауды жалғастыруда. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қор 40 салымшыға 60 млн теңгеден астам өтемақы төледі. Бұл қаражаттар өтінім берудің мерзімін өткізіп алған, бірақ себептерін растайтын құжаттар ұсынған салымшылардың өтініштері жеке қаралғаннан кейін берілген, деп жазады "Мың теңге" телеграм арнасы,
Жабылғалы жатқан банктер мыналар:
-
«Валют-Транзит Банк»
-
«Казинвестбанк»
-
Delta Bank
-
Qazaq Banki
-
Эксимбанк Казахстан
-
Астана банк
-
Tengri Bank
-
AsiaCredit Bank
-
Capital Bank Kazakhstan
Негізі, бұл банктер бойынша өтемақы төлеу мерзімі аяқталған. Талап етілмеген сомалар салымшылардың атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шоттарына аударылды. Алайда, өтініш беру мерзімін өткізіп алған, бірақ оған дәлелді себептері бар салымшылар әлі де өтемақы алу үшін өтініш бере алады.
Дәлелді себептер қатарына мыналар жатады:
-
Әскери қызметке шақырылу;
-
Қазақстан аумағынан тыс жерде болу;
-
Мұрагерлік рәсімдеу;
-
Бас бостандығынан айыру орындарында болу;
-
Сотпен белгіленген өзге де мән-жайлар.
Өтемақы алу құқығын растау үшін әрбір себепке сәйкес келетін құжаттар қажет:
-
Әскери қызметті өткеру туралы – әскери бөлімнен анықтама;
-
Елден тыс жерде болу туралы – шетелге шыққанын растайтын паспорттағы мөр немесе белгі;
-
Мұрагерлікке байланысты – нотариалды куәлік немесе сот шешімі және т.б.
Маңыздысы – ұсынылған құжаттар салымшының өтемақы алуға өтініш бере алмай жүрген толық кезеңді үздіксіз қамтуы тиіс (банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 1 жыл).
Өтінішті азамат ҚДКҚ кеңсесіне барып немесе пошта арқылы жолдай алады. Пошта арқылы жіберген жағдайда өтініш иесінің қолы нотариалды куәландырылып, жеке куәліктің көшірмесі қоса тіркеледі. Қор өтініштерді 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер өтініш мақұлданса – қаражат салымшының банк шотына аударылады. Егер бас тартылса – қор бас тарту себептерін түсіндіріп, қателіктерді түзетуге ұсыныстар береді.
Қазіргі таңда 148 мың салымшы өтемақы алып, 113 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл – қордың барлық міндеттемесінің 98%-ын құрайды.
Кеңес алу үшін ҚДКҚ байланыс орталығына 1460 нөмірі арқылы хабарласуға, мамандармен +7 (727) 312-24-49 және 312-24-41 телефондары арқылы сөйлесуге болады.