Су тапшылығы Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатерге айналуы мүмкін — Тоқаев

Қаракөз Амантай 07 қаз. 2025 16:28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарының азаюы бүгінде әлемдік деңгейдегі күрделі мәселеге айналғанын, ал таяу уақытта бұл жағдай Орта Азия елдері үшін ең өзекті сын-қатер болуы ықтимал екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, өзен-сулар — барша халыққа ортақ игілік, сондықтан оларды тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер қажет.

“Суару жүйелеріне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану және су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын бәріміз білеміз. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспий түркі жұртының арасындағы дәнекер іспетті. Алайда теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл — жаһандық ауқымдағы мәселе”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл тақырыпты бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында да көтергенін атап өтті. Ол түркі елдерін Каспийдің экожүйесін сақтау және өңірлік экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында күш біріктіруге шақырды.

“Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға ерекше мән беруіміз керек. Осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеп, халықаралық бастамаларды қолдау маңызды”, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен "Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас" атты өңірлік саммит өткізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан түркі мемлекеттерінің бұл саммитке жоғары деңгейде белсенді қатысатынына үміт артады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар