Қазақстанда дәрі-дәрмекке қосымша төлем жүйесі енгізіледі: бұл нені білдіреді

Қаракөз Амантай 07 қаз. 2025 15:46

Астанада пилоттық жоба аясында дәрі-дәрмекке қосымша төлем тетігі енгізіліп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа жүйе қазіргі тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасын толықтырады.

Яғни азаматтар бұрынғыдай дәріні тегін алуға немесе сооплата жүйесіне қатысатын дәріханалардан басқа, қымбаттау препаратты таңдап, оның белгілі бір бөлігін өз қаражаты есебінен төлеуге мүмкіндігі болады.

"Бірлескен төлем жүйесі науқасқа таңдау еркіндігін береді. Дәріні тегін алуға немесе тиімдірек, заманауи препаратты таңдап, оның бағасының бір бөлігін өз мойнына алуға болады.

Халық төлейтін сома халықаралық патентсіз атауы бойынша белгіленген шекті баға мен таңдалған дәрінің нақты құнының арасындағы айырмашылықтан тұрады", – делінген министрлік хабарламасында.

Төлемді QR-коды бар электронды рецепт негізінде eGov мобильді қосымшасындағы “әлеуметтік әмиян” арқылы жасауға болады.

Пилоттық жобаны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған бюджет шеңберінде қаржыландырады.

Алғашқы кезеңде қосымша төлем жүйесі артериялық гипертензия сияқты кең тараған ауру түріне енгізіледі. Былтыр амбулаторлық дәрі-дәрмекпен 3,3 млн адам қамтамасыз етілсе, олардың 1,2 миллионы осы дертке шалдыққандар болған.

"Бұл тетік науқастардың ем қабылдауға бейілділігін арттырып, олардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға бағытталған. Ол асқынуларды, мүгедектік пен өлім-жітімді азайтуға ықпал етеді.

Қосымша төлем жүйесі шектеу емес, керісінше мүмкіндік береді — пациентке таңдау еркіндігін ұсынып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін анағұрлым икемді әрі ашық етеді", – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар