Марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев ресми түрде банкрот деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның 57 миллиард теңге көлеміндегі активтері тәркіленіп, есепшоттары мен жылжымайтын мүлігіне тыйым салынды. Бұрын Forbes.kz тізімінде болған кәсіпкердің атына әлі де бірнеше компания мен жер телімдері тіркелген. Енді ол бес жыл бойы несие рәсімдей алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу құқығынан айырылады.
Негізгі компаниялар мен салық берешегі
Shishkin_like арнасының мәліметінше, Нұрбол Назарбаевтың негізгі компаниясы — «Prime Cap» ЖШС (бұрынғы атауы «Prime Capital Holding»). Соңғы екі жылда компания салық төлемеген, жалпы қарызы – 37,5 миллион теңге. Adata.kz дерегінше, кәсіпорын тарату сатысында және өз атына тіркелген активтері жоқ. Оның 15 еншілес компаниясы соңғы 12 айда 28,8 миллион теңге салық төлеген.
«Prime Capital Real Estate» ЖШС жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару қызметімен айналысады. 2016 жылдан бері 209,4 миллион теңге салық төлеген. Компанияның Алматы облысында үш жер телімі және 22 нысаны бар. Жерлер ауыл шаруашылығы және спорттық-сауықтыру мақсатында пайдаланылған.
«Prime Capital Re Plaza» ЖШС де жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейді. 2015 жылдан бері шамамен 290 миллион теңге салық төлеген. Компанияның Алматыда екі жер учаскесі бар, олардың бірі бизнес-орталық пен қонақүй кешеніне арналған.
Болат Назарбаевпен байланысы бар компаниялар
«Бахар-А» ЖШС – Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылында орналасқан үш қабатты тойхана. 2015 жылдан бері 44,4 миллион теңге салық төлеген. Компания 2013 жылы Болат Назарбаев пен кәсіпкер Әзім Абдуллаевтың атына тіркелген. Қазір Абдуллаев тең иесі болып қала береді. 2022 жылы ол Болат Назарбаевты Almaty Steklo зауытының 50 пайыз үлесін рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптаған.
Нұрбол Назарбаевтың негізгі жер активтері Prime Cap компаниясының еншілес ұйымдары – Prime Capital Re Ushkonyr, Prime Capital Re Alakol, Prime Capital Re Talgar және Prime Capital Re Karasay арқылы шоғырланған.
Үшқоныр мен Талғардағы жерлер
Кадастр деректері бойынша Prime Capital Re Ushkonyr Шамалған ауылында 2,36 гектар жер теліміне иелік етеді. Онда бұрын шарап-арақ зауыты орналасқан. Зауыттың жылжымайтын мүлкі Prime Capital Re Talgar атына тіркелген. Бұл кәсіпорын бір кездері «Талғар шарап зауыты» аталған және 2004–2016 жылдары Болат Назарбаевқа тиесілі болған.
Зауытқа іргелес 1,55 гектар жер бар, ол ет-сүт және жеміс-консерві цехтарын салуға арналған. Мемлекеттік кадастрда иесі көрсетілмегенімен, Adata.kz дерегіне сай, бұл жер Prime Capital Re Ushkonyr компаниясына тиесілі, демек ол да Нұрбол Назарбаевқа қатысы бар.
2022 жылы Азаттық радиосы хабарлағандай, Назарбаевтар әулетіне Үшқоныр жазығында кемінде 9 мың гектар жер тиесілі болған. Бұл жерлердің бір бөлігі Breeding company, QazAgro Centre және Steppe AgroMeat арқылы тіркелген.
Қайтарылған активтер мен қазіргі жағдай
2025 жылы бұл жерлердің біразы Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансына өтті. Алайда Үшқонырда Назарбаевтардың атына тіркелген бірнеше жер телімі әлі де бар.
Adata.kz дерегі бойынша, QazAgro Centre мен Steppe AgroMeat ауыл шаруашылығы және жеке қосалқы шаруашылыққа арналған алты жер теліміне иелік етеді. Үшқоныр маңында Steppe AgroMeat компаниясына тиесілі 1,4 және 2,2 гектар жер бар. Қасында 6,2 гектар аумақ орналасқан, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған және Нұрали Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар компанияның меншігінде.
Сонымен қатар шамамен 100 гектар жер Prime Capital Re Karasay атына тіркелген. Нұрбол Назарбаевтың иелігінде бұдан да көп жер болуы мүмкін, бірақ олардың көбі кадастрда ашық көрсетілмеген.
Құс фабрикасы мен зауыттағы үлестер
Нұрбол Назарбаевқа тиесілі Prime Capital Invest 2020 жылдан бері 5,5 млн теңге салық төлеген. Оның еншілес кәсіпорны – Іле ауданындағы Qaz-Ak-Kus құс фабрикасы. 2016 жылдан бері 362,8 млн теңге салық төлеген, бірақ соңғы жылдары төлем азайған. Қазір қарызы – шамамен 135 млн теңге. Компанияның меншігінде 31 гектар және оған іргелес 114,8 гектар жер бар.
Бұған қоса, Нұрбол Назарбаев PLS-TM және PLS инвестициялық-құрылыс компаниялары арқылы Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) үлесіне ие. 2024 жылғы дерекке сай, зауыттың 54,67 пайызы Нұрбол Назарбаев пен Эдгар Салдузиге тиесілі. Кәсіпорын өткен жылы 1,3 млрд теңге пайда тапқан.
Рейдерлік айыптаулар мен тексерулер
2025 жылдың маусымында Нұрбол Назарбаев BNC Plaza бизнес орталығын басқаратын Prime Capital Plaza BC компаниясынан шыққан.
Бұрын ол бірнеше рет рейдерлік айыптаулармен де аталған. 2024 жылы кәсіпкер Қуат Ерментаев өз үлесін тартып алды деп айыптады. Ал жуырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Нұрбол Назарбаевтың Жанатұрмыс ауылындағы 9 мың гектар жерді иемденіп алғанын айтып, Бас прокуратурадан тергеу жүргізуді талап етті. Сондай-ақ депутаттар «Алтын Орда» базарына қатысты да тексеріс жүргізуді сұрады. Бұл нысан бұрын Болат пен Нұрбол Назарбаевтардың бизнес мүдделерімен байланысты болған.