Қазақстанда шетелдік ұйымдардан қаржыландыру алатын азаматтардың бірыңғай деректер базасы құрылады. Тиісті бұйрық жобасын Қаржы министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжатқа сәйкес, шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан немесе азаматтығы жоқ адамдардан ақша мен өзге де мүлік алатын қазақстандықтар бұл туралы ақпарат беруге міндетті болады.
«Жобаның мақсаты – азаматтар мен заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақша қаражаты мен өзге де мүлікті алу және пайдалану туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін белгілеу. Сондай-ақ осындай мәліметтердің нысандарын, мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау тәртібін және деректер базасын қалыптастыру ережелерін бекіту», – делінген Қаржы министрлігінің бұйрық жобасында.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, бірыңғай база мен ортақ ережелер енгізу шетелден қаржыландыру алатын тұлғалар туралы ақпараттың ашықтығын арттырады. Бұл өз кезегінде мәліметтерді жүйелеуге, құқықтық айқындық пен қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономиканың тәуекелдерін төмендетуге және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасы 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа Салық кодексі аясында дайындалған.
Айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылдан бастап шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімі жарияланып келеді. Енді Қаржы министрлігінің жобасына сәйкес, мұндай азаматтар туралы бірыңғай деректер базасы жасақталмақ. Бұл база ашық түрде жариялана ма, әзірге белгісіз.